Йон Исагирре Альто де ла Коватильяда мәреге 3-болып келді

1471

"Испания Вуэльтасы -2020" көпкүндігінің соңғы таулы кезеңін Йон Исагирре тамаша өткізді. "Астана Про Тим" командасының шабандозы тағы екі шабандозбен біріге отырып, жарыс жолының тастақты аймағына жеткенде көшбасшы топтан шабуылға шығып, пелотоннан біраз уақыт басымдылыққа ие болды.

Йон Исагирре Альто де ла Коватильяда мәреге 3-болып келді

Финишке 7 шақырым қалғанда Исагирре 50 секундтай басымдылыққа ие болды. Алайда сәл кейінірек француз Давид Году жойқын шабуылға шығып, кезеңде жеңіске жетті. Исагирре қолынан келгеннің барлығын жасады. Нәтижесінде кезең жеңімпазына 1 минут 5 секунд уақыт ұтылып, мәреге 3-болып келді.

"Кезеңді жақсы өткіздім деп ойлаймын.Әрине, жеңіске жеткім келді. Бірақ, қалай болғанда да жақсы өнер көрсеттім. Жарыс қиынға соқты. Біздің тобымыз алдыңғы қатарда 100% барын салды. Тастақты аймаққа келгенде Мадер және Донованмен бірге шабуылға шықтым. Бұл жақсы талпыныс болды. Біз біраз басымдылыққа ие болдық. Кейінірек жалғыз өзім шабуылға шықтым. Менің соңымда бірнеше мықты шабандоз болды. Нәтижесінде Году мен Мадер менен озып кетті. Кезеңде жеңіс үшін таласқа түсуге жақсы мүмкіндік болды. Бірақ, бүгін бірнеше шабандоз менен де мықты болып шықты", - деді Йон Исагирре.

34 шабандоздан тұратын үлкен топ 17-кезеңнің алғашқы шақырымында-ақ алға озып кетті (Секьерос - Альто-де-ла-Коватилья, 178,2 шақырым). Бұл топқа екі астаналық шабандоз - Йон Исагирре мен Омар Фраиле барып қосылды. Сол уақытта қазақстандық команданың капитаны Александр Власов Горка Исагирре, Дмитрий Груздев, Мерхави Кудус және Алекс Аранбурулармен бірге пелотонда қалды.

Көшбасшы топ 3 минуттай басымдылыққа ие болды. Нәтижесінде бұл көрсеткіш кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсуге жеткілікті болды. Мәре сызығына 17 шақырым қалғанда Джино Мадер мен Марк Донован асуға бастайтын тастақты жолды шабуылдады. Оларға бірден Йон Исагирре қосылды. Үшеуі тез арада алға озуға ұмтылды. Содан кейін бұл топтың басымдылығы 50 секундты құрады.

Йон Исагирре мәреге 6 шақырым қалғанда жеке шабуыл жасады. Бірақ, 2 шақырымнан кейін Году мен Мадер Йоннан озып кетті.

Көшбасшылардан кейінгі топта  "Испания Вуэльтасының" жалпы есебі үшін күрес болды. Соңғы асуда Александр Власов шабуылға шықты. Бірақ кейінірек қарсыластары оны басып озды. Нәтижесінде, Власов мәреге кезең жеңімпазынан 3 минут 38 секундтан кейін, 14-ші болып келді. Өкінішке орай, оған жалпы есепте алғашқы ондықта қалуға 2 секунд жетпеді. Соңғы кезең алдында "Астана Про Тим" капитаны бас классификацияда 11-ші орынға жайғасты.

Словениялық Примож Роглич "Испания Вуэльтасының" көшбасшысы болып қала береді. Ол Ричард Карапастан 24 секунд, ал Хью Картиден 47 секунд алда келеді.

Ертең 18-кезең өтеді. Испаниялық Гранд-турдың финалы Сарсуэладағы Ипподромнан басталып, 139.6 шақырымнан кейін Мадридте аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу