Қ.Сәтбаев атындағы арнадан жайылымдық жерлерге су босатылды

3073

Бірақ бұл көлем жылдағыдан анағұрлым аз. 

Қ.Сәтбаев атындағы арнадан жайылымдық жерлерге су босатылды Фото: pavlodarnews.kz

Екібастұз қаласына қарасты Шідерті суармалы арнасына су жіберілді. Сол арқылы бұл қалаға қарасты ауылдық аймақ пен Ақтоғай айданындағы жерлерге су жайылуға тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жыл сайын Қ.Сәтбаев каналынан 100 млн текше метр көлемінде су босатылатын еді. Бұл – осы аумаққа жақын орналасқан жайылымдық жерлерге жететін көлем. Алайда биыл ел билігі су жіберуді қаржыландыру көлемін едәуір қысқартып тастады. Сондықтан күні кеше бар-жоғы 39 млн текше метр су жайылымдарға қарай ағылды. Бұл – соңғы жарты ғасырдағы ең аз көлем.

Бұған алаңдаған ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, қоғам өкілдері аталмыш мәселені бірнеше рет көтерді. Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы директорының кеңесшісі Леонид Баталов жайылымға босатылатын су көлемінің тым аз болуы шаруаларға кері әсер етеді деп дабыл қағып отыр.

"1968 жылдан бері сәуір айының алғашқы күндері жайылымдық жерлерге 100 млн текше метр су босатылатын. Биыл "Қазсушар" компаниясы небары 39 млн текше метр су босатты. Бұл – мұхитқа құйған тамшыдай. Мұндай көлем жақын аумақта орналасқан екі бірдей ауданның жерлеріне жетпейді. Сәйкесінше, өсімдік пен мал шаруашылығының дамымақ түгілі жеткілікті деңгейде сумен қамтылуына кедергі келтіреді", – дейді Леонид Баталов.

Ал Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиевтің айтуына қарағанда, босатылған су көлемі аз болғанмен,  өңір экологиясы оң әсер етеді. Қоршаған ортаның балансын қалпына келтіріп, көлдерді толтырып, шабындықтағы шөптің шығымдылығын жақсартады.

Басқарманың есептеуі бойынша, 39 млн текше метр су 17,9 мың гектарға жайылады. Ал бұған дейін 100 млн текше метр су шамамен 45 мың гектар аумақты тіршілік нәрімен байытатын-ды.

Көпшіліктің арнадан босатылатын су көлеміне қатысты сын-ескертпесінен соң ҚР Экология, геология және су ресурстары министрлігі ҚР Қаржы министрлігіне тағы 41 млн текше метр суды босату үшін 2,2 млрд теңгеге бюджеттік сұраныс жолдады. Қаржы өкілдері бұл соманы мақұлдай ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. Қолдау тапқан күннің өзінде судың қосымша көлемі жайылымдық жерлерге жеткенге дейін күз болып қалуы ықтимал.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу