"Қаһарман Зенің" "оғаш" тірліктері украиналықтардың ашуын туғызды

20474

Кремль 3 күнде алмақ болған Украинаның жеңілмейтіні белгілі болды. Сарапшылар соғыстың алдын ала қорытындысын шығарып жатыр. Ал Украина қоғамы В.Зеленскийге қатысты "ыңғайсыз" сұрақтар қоюда. 

"Қаһарман Зенің" "оғаш" тірліктері украиналықтардың ашуын туғызды

Украина тарапының болжамынша, жергілікті Қарулы күштер биылғы тамыз айында майданның барлық алғы шебінде басқыншыларды тойтарып, жаппай контршабуылға көшеді. Ал жыл соңында Ресей әскерлерін толық талқандауға ниетті. Әзірге қарсыластар әр жерде бір-біріне қарсы шабуылдап, кескілескен ауыр айқастар жүріп жатыр.

Дегенмен, Мәскеудің жоспарлаған "блицкригі" жүзеге аспады. Соғыстың бүгінгі 85-ші күнінде Украина Қарулы күштері (УҚК) Киев, Николаев, Чернигов, Сумы және Харковь облыстарын жаудан азат етті. Ресей әскерлерінің қолында толығымен тек Луганск облысы (мойындалмаған ЛХР) ғана бар. Олар тіпті Донецк облысының (мойындалмаған ДХР) шекарасына да шыға алмады, бұл облыстың үлкен бөлігін Украина бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ шапқыншылар Херсон және Запорожье облыстарының бір бөлігін басып алды. УҚК бұл облыстарды да дұшпаннан тазартып шығуға күш салуда.

Жалпы, Украинаның қоғамдық-саяси дискурсында Еуромайдан оқиғаларынан кейін қалыптасқан "перемога и зрада" деген лексема жұбы бар. Ол "жеңіс және сатқындық" дегенді білдіреді. "Перемогаға" дейін әлі алыс. Сондықтан қоғамда, телеарналар, әлеуметтік желі мен Youtube-те "зраданы", яғни опасыздарды іздеуге бағытталған қырықпышақ айтыс-тартыс басталды. Ойланатын мәселелер жоқ емес. Оның бір ұштығы халықаралық қауымдастық үшін шынайы Қаһарманға айналған Владимир Зеленскийге тірелетін көрінеді.

Шашлық, той және футбол

Бірінші мәселе. Президенттің оппоненттерінің айтуынша, "АҚШ арнайы қызметі Ресейдің Украинаға соғыс ашатынын ғана емес, тіпті оның қай күні болатынына дейін көрсетіп, алдын ала ескерткен". Шынында, былтыр Associated Press, басқа да беделді ақпарат құралдары АҚШ әкімшілігіндегі анонимді қызметкерлерге сілтеме жасап, Ресей 2022 жылдың басында Украинаға баса-көктей кіретінін хабарлады. Америка басшылығы төл барлаушылары мен арнайы қызметтерінің ақпараттарын талдай келе, осындай байламға келген.

"Жоспар броньды техникамен, ариллериямен, жасанды көпір-понтондармен жасақталған 100 батальондық-тактикалық топтардың (БТГ) Украина жеріне көктей енуін көздейді", – делінген мақалада.

2021 жылғы қарашадан бастап, енді АҚШ-тың мемлекеттік органдары да ресми түрде ескерту жасай бастады. Мәскеу бұл "болжамдарды" жоққа шығарды. Ресейлік пропаганда ол деректі күндіз-түні күлкіге айналдырып, бос сандыраққа теліді. 2022 жылғы қаңтарда Батыстың ақпарат құралдары ресейлік шапқыншылықтың егжей-тегжейлі сценарийлерін, тіпті карталарды жариялады. Мәскеу оның бәрі қолдан жасалғанын мәлімдеді. 18 ақпанда АҚШ Президенті Джо Байден үрейлі мәлімдеме жасады.

"Ресей әскері Украинаға келесі аптада басып кіреді деп тұспалдауымызға негіз бар. Олар ел астанасы Киевке лап қояды. Қаладағы 2,8 миллион кінәсіз бейбіт тұрғын зардап шеккелі тұр. Біз Путиннің шешім қабылдағанына сенімдіміз", – деді Америка лидері. 

Еуропада жаңа соғыстың сөзсіз болатыны анықталысымен, 22 ақпанда, екі күн бұрын Джо Байден Ресейге қарсы алғашқы санкцияларды енгізді. Жаңа мәлімдемесінде ол Украинаға 150 мыңнан астам ресейлік әскер шабуылдайтынын, елге үстемелете соққы беретінін, РФ әскери-теңіз кемелері Қара теңізге жиналғанын, десанттық кемелер, зымырандық крейсерлер және сүңгуір қайықтар сақадай-сай тұрғанын жеткізді.

Украиналық ақпарат агенттігінің редакторы Мария Чиренконың мәліметінше, Зеленский мырза елді дүрбелеңге бой ұрмауға үндепті.

"19 қаңтардағы халыққа бейнеүндеуінде Президент украиналықтарды шекарада Ресей әскерінің қаптап тұрғанына қарап, дүрлігіске салынбауға шақырды. "Барлығы бақылауда, бәрі жоспар бойынша жүруде. Азаматтарымызға вакцина салғызуды, жол, мектеп салуды жалғастырамыз. Сәуірде Пасханы атап өтеміз. Мамырда әдеттегідей күн ысиды, демалыста кәуап-шашлық қуырамыз. Жеңіс күнін атап өтеміз. Одан әрі жайсаң жаз келеді. Университетке түсу, саяхат жоспарлау, бақша қопсыту, үйлену, тойда думандату қамы бар. Содан кейін қоңыр күз келеді. Катарда өтетін футболдан Әлем чемпионатында біздің құрамамызға жанкүйер боламыз. Ал қыста жаңажылдық мейрамға дайындаламыз" деп тыныштандырған болатын", – дейді сарапшылар.

Мұның әзірге бірде бірі болған жоқ. Күннің көзін жауып, құрлықтан, аспаннан, теңізден – жан-жақтан қаптаған жау Киев көшелеріне дейін кіріп кетті. Қасық-қаны қалғанша қорғанған УҚК жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі арқасында дұшпанның беті тойтарылды.

Президент Кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович "Киев Батыстың ескертпелеріне сенбей, бейғам отырды" деген байламдар жалған екенін мәлімдеді. Қаңтардағы бейнеүндеуінде Зеленский барлық қауіп-қатер жайын және оларға қарсы қалай қимылдау керектігін білетінін мәлімдей келе, Украина қорғаныс қабілетін күшейтіп жатқанына сендірді. Яғни, мүлдем бейғам болмады. Президент әлгі сөздерін халықтың бойына үрей емес, сенім құю үшін айтыпты.

"Мемлекет басшысы Украина соғысты қаламайтынын, бірақ оған әрдайым дайын екенін баса айтты. "Біз берілмейміз! Бұл біздің жер! Оны тастап ешқайда қашпаймыз" деп қаңтардағы үндеуінде ұстанымын ашық мәлімдеді. Әрі бұл сөзінде тұрды. Шабуыл қарсаңында да, соғыс басталғанда да батыстық державалар әскери ұшақ жіберіп, Зеленскийді эвакуацияламақ болған. Ол бірден бас тартты. "Басыма пана емес, қолыма қару бер!" деп табандады. Біз қолымызға қару алып, жау кеңсеге басып кірсе, қарсыласуға дайын отырдық. Қала шетінде әскерилеріміз шайқасып жатты. Сонда: "Егер Зеленский шетелге тайып тұрса, біздің қорғанысымыз неше күнге шыдар екен?" деп көңілімді күдік жайлады. Әрине, Украина жауынгерлері мен патриоттары қашпас еді, айқасатын еді. Бірақ Президентсіз қалсақ, рух күйрейтін еді", – деп еске алды Алексей Арестович.  

Украиналық саясаттанушы Олег Жданов Батыс елдері соғыстың басталатын күнін дәл анықтағанымен, Украинаның жеңетініне сенбегеніне назар аудартады. В.Зеленский Президент болып сайланғалы, шетелге жиі сапарлап, жабық келіссөздер жүргізіп, державалардан қару-жарақ сұраған. Алайда Еуропа да, АҚШ та Кремльді ашуландырып алудан қорқып, бейбітшілікті сақтау үшін Украинаны қаруландырудан ат-тонын ала қашыпты. Тек Түркия ғана "Байрақтарының" үлкен партиясын сатады. "Зе мырза" бауырлас, тілектес көрші елдердің азғантай көмегіне жүгінген. Қолында бар техниканы даярлыққа келтірген. Тек Украина тізе бүкпейтінін және тіпті Ресей әскерін түре қууға қауқарлы екенін дәлелдеген соң ғана Батыс елдері қару-жарақ жібере бастады.

Қаһарман ұландар босқа шығын болды ма?

Оппозицияның пікірталастарда көтеріп жүрген екінші мәселесі халықтың қорғансыз қалғанына байланысты.

Президент Кеңсесінің өкілі Алексей Арестович таяуда "Ресей әскері Херсон қаласы мен облысын қалайша тез басып алды?" деген жұртшылықтың өткір сұрағына күйіп кетіп, сол өңірді қорғауға тиіс әскери басшыларды қатты сыбады. Олардың арқаны кеңге салып, қорғануға салғырт қарағанын жеткізе келе, бейбіт заман келген соң, соған кінәлілерді жаза күтіп тұруы мүмкін екенін ескертті.

Украина жұртшылығының жүрегін май ішкендей еткен тағы бір жайт бар: Ресей әскері соғыс ашқанда, Youtube, Telegram арналар трассалармен қаптап ағылған, елді мекендердің бірінен соң бірін оккупациялап жатқан дұшпанның сауытты техникасына "Молотов коктейлін" ақыра лақтырған жергілікті жаужүрек жігіттердің ерлігі бейнеленген видеороликтерге толып кетті. Біраздан соң бұл құбылыс сап тынды.

Бұрынғы әскери, қазір "Линия обороны" ресурсының негізін қалаушы, "Anti-colorados" (Анти-колорадос) лақапатымен белгілі, аты-жөнін, бет-жүзін құпияда ұстайтын украиналық белгілі блогер әскерилердің пікірлерін талдай келе, мұның мән-жайын жария етті. Оның айтуынша, мұндай "отты" шабуылдар Бородянка, Гостомель, Буча және басқа да елді мекендерде тіркелген.

"Херсон қаласын қорғауға шыққан жергілікті тұрғындарды, "тероборонаның" жігіттерін басқыншылар тегіс атып тастаған. Олар жауға шөлмекке толтырылған жанғыш заттар жаудырған. Бучадағы ер-азаматтар да дұшпанды "Молотов коктейлімен" қарсы алған. Олар қолдарында бар заттармен оккупантты тоқтатуға тырысыпты. Әскерилер жақсы біледі, мұндай заттар қарсыластың ілгері ұмтылысын тежеу үшін қолданылады. Бірнеше көлігі осылай өртке оранса, жау жедел маршын күрт доғарып, өзгерген жағдайға сай ұрыс тәртібіне, айнала қорғанысқа көшеді. Яғни, мұндай заттармен тек осыған ғана қол жеткізуге болады. Осы кезде артиллерия, гранатометтер, өзге қару-жарақ көмекке келуге тиіс. Өйткені бірнеше метрге ғана ұшатын шөлмекпен мұздай қаруланған дұшпанға қарсы тұру мүмкін емес. Ондай көмек келмеген. Ресейлік әскердің зеңбіректері мен зымырандары айналадағы үйлерді, қолдан жасалған бекіністердің күл-талқанын шығарған", – дейді әскери блогер.

Оның мәліметінше, Киев тұрғындары 24 ақпанда Киевке шабуыл басталғанда, бас сауғалап, қала маңындағы елді мекендерге, саяжайларына қашқан. Себебі, Кремль қарапайым адамдарға тиіспейтінін, тек әскери нысандарға шабуыл жасалатынын мәлімдеді.

"Алайда қала іргесінде, соның ішінде Бучада Отан үшін отқа түсуге дайын патриоттар жау колоннасын "Молотов коктейлімен" тойтармақ болады. Жергілікті жұртшылықтың осындай қарсылығына тап болған танк бригадасы бейбіт тұрғындарға аяусыздық танытып, айуандық жасаған. Тұтқиылдан жасалатын шабуылдан үрейленген оккупанттар жолай кездескен барлық үйлерді босқа атқылауға әуестеніп алған", – дейді украиналық әскери шолушы.

А.Арестович бұл үшін Президентті айыптауға болмайтынын, сол бір сұрапыл шақта бар күш Киевті анталаған, ауқымы көп жаудан қорғап қалуға жұмылдырылғанын еске салады. Киев құлағанда бүкіл мемлекет құлайтын еді. Ал тактикаға, оперативті іс-қимылдарға қатысты барлық сұрақтар әскерилерден сұралады. Бұл Президент айналысатын іс емес.   

Қалай болғанда, Владимир Зеленский Украина жұртшылығын бір тудың астында біріктіре алған қаһарман ретінде тарихта қалатыны даусыз. Егер Ресеймен соғыста жеңіске жетсе, аты аңызға айналады. Актерлік таланты мен азаматтық қасиеттерін жарқырата көрсете алған Зеленский жалынды сөздерімен, креативті амал-шарғыларымен Батысты 40-тан астам елден тұратын коалиция құрып, Украинаға көмекке келуге көндіре алды. Украина әскеріне ең заманауи қару-жарақ пен техника ағылуда. Украина Қарулы күштері әлемдегі ең күшті қаруланған армияға айналуға жақын қалды. Егер Украинаны басқа адам басқарғанда, мұның бәрі болмауы да мүмкін еді. 

Ендеше ел басшылығының қателіктері болуы ықтимал, ал "зрада", яғни опасыздық туралы айту – әбестік болса керек. Владимир Зеленский нағыз отаншылдық пен батырлықтың үлгісін паш етуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу