"Кабинеттен шықпайтын": Сарапшы отставкаға кеткен Үкіметтің жұмысына баға берді

2594

Саясаттанушы атқарушы билікті шешім қабылдай алатын, ел арасында жүретін, Қазақстанның өндіріс саласына ден қоятын азамат басқаруы керек деген пікірде.  

"Кабинеттен шықпайтын": Сарапшы отставкаға кеткен Үкіметтің жұмысына баға берді Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысының Жарлығымен отставкаға кеткен атқарушы биліктің жұмысында қандай олқылықтар болды? Жаңа Премьер-Министр кім болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын саясаттанушы Қайрат Айтбайдан білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл бұрыннан шешімін күтіп тұрған жағдай деп ойлаймын. Бәлкім, шамалы кешігіреңкіреп келген шешім болған шығар. Себебі жылдың соңында осындай шешімді тек қана саясаткерлер, заңгерлер ғана емес, жалпы саясатқа қатысы жоқ қарапайым халық та күткен еді. Неге десеңіз, өздеріңізге белгілі құбырлардың ескіргені, жылу электр орталықтарының жұмыс істемей қалғаны, еккен егіннің сол жерде қалып қалғаны, ол аз болғандай салықты көбейтеміз дегені халықтың қатты мазасын алғаны рас. Салықтың бәрі халыққа келіп түседі ғой. Кез келген экономикалық-әлеуметтік мәселені тек қана салықты көтерумен шешу деген үлкен қателік. Бұл халықтың наразылығын тудырып отыр. Мұндай шешім қабылдайтын кезде елдің мұң-мұқтажын тыңдаса, депутаттармен ақылдасса, бір дұрыс шешім болатын еді ғой", - деді спикер.

Сарапшы Үкіметтің отставкаға кеткенін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жаңадан келетін Үкімет басшысы әкім болған, министрлікте істеген, ел арасында жүрген азамат болуы тиіс. Сонымен қатар үміткер нарықты да түсіне алып, әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөле алуы керек.

Саясаттанушы бұрынғы атқарушы билік несімен есте қалғанын айтты.

"Бір-ақ сөзбен айтатын болсам, не Үкімет басшысы кабинеттен шықпайды, не министрліктер кабинеттен шықпайды. Сосын сылдыр сөздері көп. Оларға журналистер сұрақ қойса, "иә" не "жоқ" деген жауаптың орнына бір дұрыстап жауап бермейді ғой. Оны тыңдап отырған адам да, сұрақ қоюшы да шаршайды. Тұрғын үй-құрылыс саласында үлкен қателіктер кетті деп ойлаймын. Халыққа жұмыс, жалақы, зейнетақы керек. Үйлерінде су болмай тұрса, су кетпесе, бұл халыққа тиеді. Екіншіден, салықты қайта-қайта көтере берген. Сол жағынан үлкен дағдарыс алды деп ойлаймын. Жалпы сұрақ көп", - деп жалғастырды ол.

Сондай-ақ Қайрат Айтбай бұрынғы Үкіметтің жұмысына баға берді.

"Бес балдық шкаламен алатын болсақ, 3-ке әрең жетер еді ғой. Ел тыныштығының сақталуына ғана рөл атқарды", - деп қысқа қайырды сарапшы.

Спикер "Әкімдердің деңгейінде отставка күтіле ме?" деген сауалға да тоқталды.

"Меніңше, күтіледі. Жаңа Қазақстан деп жатырмыз ғой, көшке ілесе алатындары бар, алмайтындары бар. Білімді, елдің алдында абыройлы, жағдайды білетін әкімдер де бар. Ал ел танымайтын министрлер мен әкімдерге келсек, кадрлық саясат болу керек деп ойлаймын. Премьер-Министрдің орнына кім келетінін білмеймін. Бірақ енді халықтың алдында жүрген Бозымбаев, Ноғаев сияқтылар ғой. Қазақшасы да бар, орысшасы да бар, елдің жағдайын білетін, министр де болған азаматтар да бар ғой. Жалпы болжам жасау деген қиын дүние", - деді спикер.

Саясаттанушы жаңа Премьер-Министрдің жұмысының дені аймақта өту керек деп есептейтінін жеткізді.

"Кабинетте апталап отырып не істейді? Бір күн Президентте болады, бір күн Үкіметте болады, қалған уақыттың бәрі өңірлерде өтпей ме? Бір аптаны экологияға жіберіп, бір аптаны тұрғын үй-құрылыс саласына арнап, келесі апталарда ЖЭО-ларды қадағалапп дегендей, бүкіл аймақты аяғымен аралап, өз көзімен көрсе ғана мәселе сонда ғана шешіледі. Біздің Үкіметтегі ең үлкен қиындық – шешімді ешкім қабылдамауында. Өткенде Президент "биліктің жартысын Үкіметке бердім" деп айтты. Үкіметте шешім қабылдауға мүмкіндік көп. Бірақ соны осы кеткен атқарушы билік түсінбеді ме, әлде қабылдамады ма белгісіз. Жаңа келетін Үкімет өз өкілеттігін дұрыс пайдаланып, шешім қабылдай білуі керек", - деді Қайрат Айтбай.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан Үкіметі отставкаға кеткенін, Премьер-Министрдің міндеттерін уақытша атқару Роман Склярға жүктелгенін жазған болатынбыз. Бұдан бөлек Сенат төрағасы атқарушы биліктің жұмысына қатысты пікір білдірген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу