Қазақстандық тұлпар Al Maktoum Challenge жарысында өнер көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша 7-орынға ие болып, өкінішке қарай өзінің чемпиондық атағын қорғай алмады.
Кабирхан қатысқан 1 900 метрлік Al Maktoum Challenge жарысының жалпы жүлде қоры 3 млн 680 мың дирхамды (522 млн теңге) құрады. Турнир регламентіне сәйкес, бұл бәйгеде бірінші орын алған тұлпар 2 млн 208 мың дирхам (313 млн теңге), екінші орынға 736 мың дирхам (104 млн теңге), ал үшінші орынға 368 мың дирхам (52 млн теңге) сыйақы алды.
Өткен жылы Кабирхан Дубайда 2 000 метрлік бәйгеде жеңіске жетіп, иесі 15,5 миллион теңге сыйақы алған еді. Соңғы рет 2024 жылдың наурыз айында Кабирхан Дубайда өткен, жүлде қоры 7 млн долларлық Dubai World Cup бәйгесіне қатысты.
Танымал сәйгүлік бұл жарыста сегізінші орын алды. Кубоктан кейін иесі Кабирханның шабандозын ауыстырып, оны Дубайдан АҚШ-қа көшіру туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, Кабирхан – таза қанды ағылшын тұқымды тұлпар. Тұлпардың иесі – Тілек Мұханбетқалиев. Кабирхан 2023-2024 жылғы маусымда иесіне 755 548 АҚШ доллар сыйақы әкелді.