Қабырғасы құлағалы тұрған үйдің тұрғындары көшірілетін болды

Мұнда төтенше жағдай жарияланбақ. 

Қабырғасы құлағалы тұрған үйдің тұрғындары көшірілетін болды Фото: inbusiness.kz

Павлодар қаласында осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған төртқабатты тұрғын үй бар. Мұндағы пәтерлер иелерінің әр күні жанын шүберекке түюмен өтеді. Себебі баспананың қабырғалары қақ жарылып, төбесі құлайын деп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыс орталығындағы Центральная көшесі, 6 мекенжайындағы үйдің ішінен дала көрініп, қабырғалары жарылып жатқанын бұған дейін де жазған едік. Күн сайын бұл баспанадағы жағдай ушығып барады.  Тамыз айында тұрғындар пәтер ішінде отырып-ақ, 3-5 сантиметрлік саңылаудан даланы көріп отырса, енді бұл саңылаудың көлемі 10 сантиметрге дейін ұлғайды. Енді тұрғындар қабырғалар біржола қақ айырылып, үйінді астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. 

"Үйіміздің жағдайы ертеңгі күні қалай боларын ешкім білмейді. Баспананың қазіргі жайын талдауға кіріскен жоба авторлары да қандай да бір кепілдік бере алмайды. Отбасымыз, балаларымыз үшін қорқамыз. Бұдан басқа барар жеріміз болмағандықтан апаттық пәтерімізді паналаудан басқа амалымыз болмай тұр", - дейді үйдің тұрғыны Илья Сенич. 

Бұған дейін 30-ға жуық пәтердің иелері өз "жыртықтарын" өздері жамап келді. Алайда қазіргі уақытта баспананы өз күштерімен қалпына келтіру мүлде мүмкін болмай тұр. Басқасын былай қойғанда, үйдің техникалық жағдайын көрсететін анықтаманы дайындаутын тәуелсіз компаниялар өз жұмысын 1,5 млн теңгеден 6 млн теңгеге дейін бағалады. Мұндай қомақты соманы тұрғындар жинап бере алмайтыны анық. Бұған дейін жергілікті әкімдік аталмыш баспанада басқарушы ұйым жоқтығын алға тартып, алдымен қарапайым серіктестік құруға кеңес берген-ді. Содан соң тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына қосу жоспарланды. 

Енді қала басшылығы бұл үйге қатысты төтенше жағдай жариялап, тұрғындарды мемлекеттік қордағы пәтерлерге уақытша көшіруді көздеп отыр. Кейін жаңа пәтерлер беру мәселесі шешілмек. Одан соң іргелес орналасқан №2 және 8 үйлерде де дәл осындай режим енгізіп, адамдарды басқа жерге қоныстандыру ой бар. Кейін бұл баспаналар сүріліп, оның орнына мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар салынуы әбден мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу