Қадағалаушылар қадалған жерден қан алатын қарекетін қоймауда

3783

Салықшылар қашан "халық үніне құлақ асатын" органға айналады?

Қадағалаушылар қадалған жерден қан алатын қарекетін қоймауда

Қазақстанда кәсіпкерлік саласына қазір тоқырау мен торығу тән. Мұны мемлекет те жоққа шығара алмайды. Мысалы, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары арасында сауалнама жүргізіпті. Сонда отандық бизнесмендер пандемия өршіген 2020 жылғы IV тоқсанмен салыстырғанда биылғы 2021 жылғы I тоқсанда өндіріс көлемінің де, сондай-ақ нарықта дайын өнiмге деген сұраныстың да азайғанын мәлімдеген. Яғни, бұл тұрғыдағы құлдырау жалғасып жатқанға ұқсайды, деп жазады Inbusiness.kz.

Көрмес өндірісті де көрмес

Кәсіпкерлердің байламынша, үлкен үміт артылған осы жылғы I тоқсанда керісінше, тұтынушылардың сұранысы да, елдегі іскерлік белсенділік те 2020 жылғы IV тоқсанмен салыстырғанда төмендеп кеткен.

"Биылғы І тоқсанда кәсіпорындарының іскерлік белсенділігін сипаттайтын "кәсіпкерліктің сенімділік индексі" -4%-ға құлдырады. Бизнесмендердің 59%-ы ахуал алда өзгеріссіз қалады деп санайды. Тек 20%-ы ғана жақсаруын күтеді. Ал 9%-ы қаржы-шаруашылық қызметінің нашарлайтынын болжайды", – деді статистикашылар.

Кәсіпкерлердің көңіл-күйінің бұзылуына, болашаққа деген сеніміне селкеу түсуіне салықшылардың, құзырлы органдардың қудалауы, жазалауы және басқа да шектеу, бұғаттау шаралары ықпал етуде. 

Мысалы, Шымкент қаласындағы "Ордабасы" индустриалдық аймағында орналасқан "ҚазАйна" компаниясы көліктердің маңдай-алды әйнегін өндіретін бірден бір кәсіпорын. Оған мемлекеттік кірістер басқармасынан қоңырау шалып, оны екі жылдан бері тіркелген мекенжайы бойынша таба алмағандарын хабарлаған. Егер салықшылар кәсіпорынды құжаттарында көрсетілген адресі бойынша таба алмаса, оны жеңілдіктерінен айыруы мүмкін. Оның үстіне аты бар, заты жоқ жалған кәсіпорындардың бірі деп қауіптенуі ықтимал.

Әрине, "Ордабасы" индустриалдық аймағы 3,5 Ватикан мемлекеті сыйып кететіндей үлкен аумақта, 143 гектарға созылып жатыр. Онда бұл кәсіпорыннан басқа да арендатор жетерлік. Алайда кіреберісте күзет тұр, одан сұраса, көрсетіп, жол сілтеп жібереді емес пе?! Күзеттегілер де, әкімшілік те бұл компанияның кеңсесі мен өндіріс орнын салықшылардың іздеп таппай жүргені жөнінде хабарламапты.

Компания өкілдері кәсіпорынның тіркелген орнынан тапжылмағанын айтып табандаған, мемкірістер органы соны дәлелдеуін талап еткен. Сондықтан кәсіпорын 2021 жылғы 12 мамырда жергілікті мемкірістер департаментіне индустриалдық аймақта алаңды жалға алу туралы келісімшарттың нотариалды расталған көшірмесін, өндіріс орнын және оның маңдайшасындағы компания атауын суретке түсіріп, жолдайды.

Ізінше, 17 маусымда бизнесмен есепшотының бұғатталғанын білген. Себебі, тиісті құжаттарға бөлім басшысы уақытында қол қоймаған. Яғни, шенеуніктерге сенсек, компания дәлелдемелерді кеш ұсынғандықтан, істі бұғаттауға дейін жеткізген. Әрине, компания өкілдері ары қарай қуынғандықтан, жақында мәселе өз шешімін тауыпты. Бірақ соған дейін кәсіпкердің және оның қызметкерлерінің қаншама күн жүйкесін жұқартты.

Белгілі аутсорсинг компаниясының басшысы, кәсіпкер Бауыржан Қасымов шағын және орта бизнес нысандарына бухгалтерлік, салықтық және басқарушылық бағыттарда көмек көрсетумен, сүйемелдеумен айналысады. Осы жұмыс барысында көптеген кереғарлықтарға, қиындықтарға қаныққанын айтады. Сын-ескертпелердің көбі еліміздегі ең ірі қадағалаушы орган – Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметі мен электронды сервистеріне қатысты болып келеді екен.

"Проблемалардың бәрін тізіп, сипаттап отырудың мәні жоқ. Әйткенмен, ең ірілеріне, әсіресе, кәсіпкерлерге ауыртпалық түсіріп, уақытын, табысы мен жүйкесін құртып жатқандарына тоқтала кеткен жөн. Негізі, олардың бәрін қолданыстағы жүйелер аясында оп-оңай автоматтандыруға, оңтайландыруға болады. Неге оны жасамай отырғаны белгісіз. Мысалы, жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС құру кезінде кәсіпкерлердің басым көпшілігі жеңілдетілген режимді қолдануға болмайтын экономикалық қызмет түрлері барын білмейді. Алайда eGov.kz арқылы ЖК немесе ЖШС ашу кезінде кәсіпкер жеңілдетілген салық салу режимін таңдағанда, жүйе оған тек осы режимді қолдана алатын қызмет түрлерінің бірін таңдауды ұсынбайды, автоматты түрде барлық түрін тегіс ұсына салады", – дейді Б.Қасымов. 

Мұның салдары неге соқтырады?

Мәселен, кәсіпкер экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінен (ЭҚЖЖ) "маркетинг саласындағы кеңес-консультацияларды" таңдаса, ол жеңілдетілген режимге жатпайды. Соған қарамастан, жүйе оны ың-шыңсыз қабылдай салады.

"Осылайша, компаниясын ашқан азамат маркетинг консультациялары саласында кәсібін дөңгелентіп, табыс табады. Бір-екі жыл алаңсыз жүруі мүмкін. Осылай ұзақ күткен салықшылар бір күні қаһарлы хат жолдайды: сіздің ЖК не ЖШС мұндай қызметтерді көрсеткендіктен, жеңілдікті режимді пайдалануға құқығы жоқ болатын, сол себепті осы 2 жыл бойы тапқан барлық табыстан 3% салық төлеп келуі заңсыз болды дейді. Ендеше ЖК болса, 10%, ЖШС болса, 20% төлеуге тиіс дегенге келтіреді. Сонда салықшылар осы кезге дейін қайда болған? Бұл қадам кәсіпкерді алапат салық жүктемесінің астында қалдырады. Оның бухгалтериясы 2 жылғы бүкіл салық декларациясын қайта тапсыруға мәжбүрленеді. Бұған миллиондаған өсімпұл мен айыппұл жазылады", – дейді Б.Қасымов.

Ол осының салдарынан дәрменсіз жағдайға жетіп, бизнесін жапқан экс-кәсіпкерлермен таныс екен. МКК бұл мәселені автоматтандыру деңгейінде жеңіл шеше алады. Болмаса, нормативтік-құқықтық актілерге түзету енгізіп, егер салықшы 15 күн ішінде үн қатпаса, оны ЭҚЖЖ-ны дұрыс таңдамағаны үшін кәсіпкерлерді жазалау құқығынан айыру керек.

Әйтпесе, осылайша, салықшылар бизнесмендерді ЖК/ЖШС ашумен айналысатын делдал фирмаларға немесе білікті мамандарға жүгінуге итермелейді. Бұл әсіресе, өз ісін жаңа ғана бастаған кәсіпкерлерге қиын, әрі қосымша шығынға батырады. Сонымен қатар бұл шетелдік инвесторларға проблема туғызып, елдің инвестклиматына нұқсан келтіреді. Егер кәсіпкерге бизнес ашу үшін бәрібір делдал көмегіне жүгінуге тура келсе, мемлекет қыруар бюджет қаржысын шығындаған электронды жүйелер мен цифрландырудың қажеті қанша?!

Тағы бір проблема – есепшотты бұғаттаудан босату. Кейде кәсіпкерлер әртүрлі себеппен дер кезінде есепті тапсыра алмай қалады. Бұл салықтың уақытында төленбеуіне соқтырады. Соның кесірінен, компанияның барлық есепшоттары "тұтқындалады", кәсіпкерлік қызметі дағдарады, тендерлерге уақытылы қатыса алмайды. Банктік есепшоттарын "тұтқыннан" босату үшін есепті тапсырып, салығын өсімпұлымен, айыппұлымен бірге төлеуі шарт.

"Осыдан кейін ол міндетті түрде жергілікті мемлекеттік кірістер департаментінде протоколдан өтуі керек. Бұл ретте одан өтуге кәсіпкердің өзі барып, жүзбе-жүз қатысуы керек. Хаттаманы рәсімдейтін МКД қызметкері әр кәсіпкерге орта есеппен 40–50 минуттан бөледі. Мамандардан мұның себебін сұрасаң, "жүйе сондай" дейді. Бұл саланы да түпкілікті автоматтандырған жөн. Мысалы, бизнесменге әкімшілік өндіріс қағазына электронды цифрлық қолтаңбасымен қол қойып, протоколдан салық төлеуші кабинетінде-ақ өте салуына болады. Содан соң ертесіне-ақ оның есепшотынан бұғаттауды алып тастау қажет. Экономиканы өркендетіп, елді асырап отырған бизнесменді сергелдеңге салудан не опа табады?!", – дейді кәсіпкер Бауыржан Қасымов.

Мемлекет басшысының "Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет" саясатына мемкірістер органы да мойынсұнып, бизнес ортаның конструктивті ұсыныстарына өмірге жолдама берсе, орта таптың үстем топқа айналатын күні жақындай түсері сөзсіз.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу