Жиында өңірдегі жасөспірімдерге қатысты өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Ашық сабақтар, тренингтер өтті. Сауалнамалар алынды. Рейдтер жүрді. Ал нәтижелер қайда?! Қағаз жүзінде бәрі тамаша, ал шын мәнінде қайғылы жағдайлар болып жатыр. Ашығын айту керек, қағаздағы профилактика баланы құтқармайды.
Сауалнамада балалар дабыл қағып, нақты деректерді көрсетіп отыр. Біз оған назар аудармаймыз.
Балалардың тағдырына бейжай қарауға болмайды. Осыны анық түсінуіміз керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалып отырғанын еске салды. Солай бола тұра, аудандық полиция бөлімдерінің жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.
Осыған байланысты аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, 9-10-сынып оқушылары және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастыруды тапсырды.
Кездесулерге ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділерін де тарту қажет. Онда ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, буллинг пен әлімжеттіктің зардаптары кеңінен түсіндірілуі тиіс.
– Бұл кеселмен сіздер де, біз де, қоғам белсенділері де бірлесіп күресуіміз қажет.
Кездесулер формалды түрде өтпеуі тиіс. Әр ауылда, әр мектепте ата-аналар нақты фактілер мен нақты салдарларды естуі керек. Бүгін біз қоғам ретінде де, ата-ана ретінде де бұл мәселеге бет бұрмасақ, мен басқа жол көріп тұрған жоқпын. Бала тәрбиесі тек мектептің немесе полицияның ісі емес, бұл – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жиын қорытындысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында бірқатар нақты міндет жүктелді.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандық комиссиялардың қызметін жандандыру, полиция есебінде тұрған және ерекше назарды қажет ететін балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелерін тоқсан сайын қарау міндеттелді.
Кеңес қорытындысы бойынша кемшіліктерге жол бергені үшін облыстық полиция департаментінің бастығына Байзақ, Жамбыл, Талас және Қордай аудандарының полиция бөлімдері бастықтарына қатысты қызметтік тексеру жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарына сөгіс жариялау, Байзақ, Жамбыл, Талас және Қордай аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс беру жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен қатар, аталған аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары мен білім бөлімдерінің басшыларына қатысты қатаң тәртіптік шара қолданылады.