Қағазбастылық дамуға кедергі

3803

Бизнесмендер рұқсат құжаттарын алуда кездесетін кедергілер мен қазыналық органдардың теріс көзқарасына шағым айтты.

Қағазбастылық дамуға кедергі

Жұма күні Астанаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлері "Ұлы дала елі" отандық кәсіпкерлердің ІІІ форумында бас қосты. Қазіргі жағдай мен болашақ туралы, одан әрі қай бағытта даму керек және оған не кедергі келтіретіні туралы сөз қозғалды.

Форумға қатысқан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері мемлекеттің болашаққа деген үміті дәл осы бизнестің дамуымен байланысты екенін баса айтты. Аяғына нық тұрған жекеменшік сектор болмайынша, бірде-бір экономика дами алмайды, сондықтан Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту шарттары кезең-кезеңмен жетілдіріліп келеді: рұқсат беру рәсімдері жеңілдетіліп, бизнесті қолдау бағдарламалары қабылданып жатыр, даму институттары қаржылық көмек көрсету үшін жаңа өнімдер енгізуде.

Осындай игі істерге қарамастан, бизнесмендер әлі де кедергілермен бетпе-бет келіп жүр. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев бүгінде бизнес көп жағдайда мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға тәуелді болып отырғанын баса айтты.

"Бұл мемлекеттік құрылымдардың тауарлық қажеттілігін өтеу ғана емес, бұл нарықты қолдау мен реттеудің маңызды құралы", - деді ол.

Мемлекеттік сатып алулар нарығының көлемі шамамен 11,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2,7 трлн теңге мемлекеттік сатып алуларға жатса, 3,4 трлн теңге – квазимемелекеттік сектордың сатып алулары, ал 5,4 трлн теңге жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына жатады. Алайда қазақстандық бизнестің бұлардың бәріне қол жете бермейді: тұрақтылық пен ақпараттың болмауы, сатып алулардың жариялылығының жоқтығы, сатып алуларды бақылау деңгейінің әлсіздігі осыған себеп.

"Сатып алуларды жетілдіру туралы әзірленіп жатқан жаңа заң жобасы аясында "Атамекен" КҰП үкіметке бірқатар түзету енгізуге ұсыныс жасады: сатып алу жоспарларын уақытында және толық жарияламағаны үшін тапсырыс берушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту, сатып алуларды орталықтандырылған әдіспен жүргізу, демпингке қарсы шараларды жетілдіру, мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сатып алуларда бастапқы біліктілік іріктеулеріне бірыңғай тәсілдерді енгізу, квазимемлекеттік сектордың жауапкершілігін күшейту, квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілері үшін сатып алулардың бірыңғай тәртібін белгілеу.

Одан бөлек бизнеске ертеңгі күнге қойылған нақты мақсат керек. Дәлірек айтсақ, елдің бірыңғай экспорттық стратегиясы қажет, тауарөткізуші жүйе құру керек.

"Бізде өндірістік кәсіпорындар бар, жаңа кәсіпорындар салынып жатыр. Бірақ Қазақстан тауарларының сатылымын қамтамасыз ететін нақты тауарөткізуші жүйе жоқ, ішкі нарықта да, сыртқа нарықта да солай, міне осындай жүйе құрылмаған. Бірде бір бағдарламада бұл мәселе қарастырылмаған. Бұл мәселені үкіметке жеткіздік, осының арқасында премьер-министр осындай бағдарлама жасау керектігі туралы тапсырма берді. Бұл қызмет көрсету саласын дамыту бағдарламасының бір тармағы болады деп ұлттық экономика министрлігімен келістік. Мұнда сауда желілері үшін айналымға қаражат бөлінеді деп көзделген", - деп түсіндірді Нұржан Әлтаев.

Қазақстанда жасалған тауарлар сыртқы нарыққа сәтті жол тартатынына ешкім күмән келірмейді. КҰП төрағасының орынбасары бір ғана ауылшаруашылық секторы бойынша мынадай мысал келтірді – қазақстандық тауарларды Израиль, Қытай, Таяу Шығыс елдері қуана-қуана сатып алуға дайын. Бір ғана Қытайдың өзі жыл сайын 160 мың тонна қой етін жеткізуге келісімшарт жасасуға әзір отыр. Бірақ әзірге біздің тауарөндірушілеріміз мұндай көлемді еңсере алмайды.

Дегенмен экспорттаушы кәсіпорындардың алдында еш кедергі жоқ деуге де болмайды, Қазақстан ДСҰ мүшесі бола тұра жаңа шектеулер мен кедергілер қай кезде болсын дайын тұрады.

"Соңғы оқиғалардан мысал келтірсек, Брексит, сауда соғыстарын айтуға болады. Жақында АҚШ Ресейге қарсы қатал санкциялар қолданудың жаңа пакетін қарастыратын болады.Біз Ресеймен бірге еуразиялық кеңістікте орналасқандықтан, бұл біздің экономикаға да кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ егер біз – бизнес қауымдастық, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар бірге тізе қосып нақты әрекеттер жасайтын болсақ, біріншіден, шығаратын тауарымыздың сапасын арттырып, көршілес елдердің нарығына кіре алсақ, жоғары нәтижелерге қол жеткізер едік", - деді сенімділікпен Нұржан Әлтаев.

Кәсіпкерлер өз тарапынан жұмыс істеуге, тауардың сапасын жоғарылатуға дайын. Алайда бұған кедергі келтіретін ел ішінде шешілмеген түйіткілдер бар. Нақтырақ айтсақ, құрылыс салуға рұқсат алу рәсімдерінің күрделі болуы: барлық қағаздарды мақұлдау үшін айлап уақыт кетеді, бұл өндіріске әсер етпей қоймайды. Сондай-ақ "қарама-қайшылық факторы" бар, шенеуніктердің басым бөлігі бизнеспен қарама-қарсы жақта орналасқан дегенге сенімді. Бұл ең бірінші кезекте қазыналық органдардың қызметкерлеріне қатысты. Кәсіпкерлердің айтуынша, есептерде сәл ғана бухгалтерлік қателік кетсе болды, тіпті салық уақытында және толығымен төленсе де, салық қызметкері бұл қателіктер салық төлемеуге байланысты екенін айтып, көмек көрсетудің орнына, айыппұл салуға дайын тұрады.

"Бізге деген жаман көзқарас бар", - деп шағымданды бизнесмендер. Бұған жауап ретінде Нұржан Әлтаев форумнан кейін жиналып осындай мәселелерді жеке-жеке қарастыруды ұсынды.

"Ұлы дала елі" отандық тауарөндірушілердің ІІІ форумы аясында "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауы өткізіліп жатыр. Оған байқаудың аймақтық кезеңінде жеңіске жеткен 144 тауарөндіруші қатысуда, сонымен бірге "Қазақстанда жасалған" көрмесіне 206 отандық компанияның өкілі қатысып жатыр. Жалпы ел бойынша 350 үздік компания өз өнімін көпшілік назарына ұсынуда, келушілер тауарды тікелей өндірушіден ала алады.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу