Бұл матчты Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда 20 мыңға жуық жанкүйер тамашалады.
Ойыннан кейінгі баспасөз конференциясында "Ордабасының" бас бапкері Кахабер Цхададзе қарсыластың мықты чемпионатта өнер көрсететінін тілге тиек етті.
"Бізді қолдап келген жанкүйерлерге үлкен рақмет. Оларды өз жеңісімізбен қуантқымыз келіп еді. Ойыншылар да, жанкүйерлер де ұялатындай ойын болған жоқ. "Ордабасы" бірінші және екінші ойында да Еуропаға өзін жақсы жағынан көрсете білді. Ойын басында жылдам гол жіберіп алғанымыз психологиялық тұрғыда қиын болды. Сырт алаңдағы 1-1 есебі ойыншыларға психологиялық тұрғыда қиындық туғызды. Сырттағы 1 голды есептеп, ойыншылар гол салдырмасақ болды деген оймен ойнады. Сол ой бізді жазалады. Олай ойлап ойнауға болмайды. Біз қайдағы бір таксистерге ұтылған жоқпыз. Деңгейі жоғары біріншілікте ойнайтын кәсіби командаға ұтылдық. Соған қарамастан, мен ойыншыларыма алғыс айтамын. Біз биыл ҚПЛ-де жоғарғы орындарға таласа алатын жақсы команда құра білдік", – деді ол.
Арай Есенбек