Қай елдерде вакцина алу міндетке айналды?

2856

Коронавирустың аса жұқпалы Delta нұсқасының күрт өршуі және вакциналау науқанының баяулауы үкіметтерді медицина қызметкерлері мен басқа да топтар үшін COVID-19 екпесін алуды міндетті қылды. Сонымен қатар, көптеген елдер ПЦР тестің теріс нәтижесін талап етіп отыр.

Қай елдерде вакцина алу міндетке айналды?

Вакцина салдыруды міндеттеген елдерге тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

АВСТРАЛИЯ

Австралияда маусым айының соңында карантиндегі қонақ үй  қызметкерлері үшін COVID-19 вакцинациясын міндетті ету туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Токиоға баратын паралимпиадалық спортшылардан да екпе салдыруды талап етілмек. Себебі, вакцинадан бас тартқандар команданың өзге мүшелеріне қауіп төндіруі мүмкін.

БРИТАНИЯ

Қазан айынан бастап Англиядағы үй жұмысшылары үшін коронавирусқа қарсы вакцина алу міндетті болады. Ал, ағылшындық түнгі клубтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар клиенттерден қыркүйектің соңынан бастап толық вакциналану туралы дәлелдеме көрсетуді талап етпек.

КАНАДА

Канада Қазынашылық кеңесінің хатшылығы шілденің 20-да мәлімдегендей, федералдық үкіметтегі белгілі бір рөлдер мен лауазымдар үшін COVID-19 вакциналары қажет пе, жоқ па деген мәселе қарастырылып жатыр.

ФРАНЦИЯ

Франциядағы барлық медицина қызметкерлері COVID-19-ға қарсы екпе алуы керек, ал кинотеатрға немесе пойыздарға кіргісі келетіндерде, президент Эммануэль Макрон шілденің 12-де жариялаған жаңа ережелерге сәйкес, вакциналанудың немесе теріс сынақтың дәлелі болуға тиіс.

Шілденің 19-да француз үкіметі клиенттердің денсаулығы жайлы рұқсат қағазының бар-жоғын тексермейтін кәсіпорындардан 45 000 еуро емес, 1500 еуро айыппұл  салуды көздеп отыр. Ал, заң қайта бұзылған жағдайда, бұл соманың көлемі өсе түспек. Дегенмен, айыппұл бірден салынбайды.

ГРЕКИЯ

Грекияда қарттар үйінің қызметкерлері мен медициналық мамандары үшін қыркүйектен бастап вакцина алу міндетке айналды. Жаңа ереже бойынша, тек екпе салдырған клиенттерге барларға, кинотеатрларға, театрларға және басқа да жабық жерлерге кіруге рұқсат етіледі.

ИНДОНЕЗИЯ

Индонезияда ақпан айында COVID-19 қарсы екпе салдыру міндеттеліп, ел астанасы Джакартада вакцинадан бас тартқандардың 5 миллион рупийге ($ 357) дейін айыппұл төлейтіні ескертілді.

ИТАЛИЯ

Наурызда Италия үкіметі бекіткен қаулы медицина қызметкерлерін, соның ішінде фармацевттерді, вакцина алуға міндеттейді. Ал, бұған көнбегендер жылдың қалған уақытындағы жалақысынан айрылып, тіпті жұмыстан шеттетілуі мүмкін.

ВЕНГРИЯ

Венгрия үкіметі пандемияны еңсеру мақсатында денсаулық сақтау қызметкерлері үшін COVID-19 вакциналарын міндетті ету туралы шешім қабылдады, деп хабарлады премьер-министр Виктор Орбан шілденің 23-де қоғамдық радиоға берген сұқбатында.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан үкіметі құрамында 20-дан астам адам жұмыс істейтін топтарды  COVID-19-ға қарсы екпе алуды немесе апта сайын тестілеуден өтуді міндеттемек. Мұны еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі маусымның 23-де мәлімдеді.

МАЛЬТА

Мальтада шілденің 14-нен бастап елге толық вакциналанбаған адамдарды кіргізбеу туралы шешім қабылданды.

ПОЛЬША

Польшада тамыздан бастап COVID-19-ды жұқтыру қаупі жоғары кейбір адамдар вакцина алуға міндеттелуі мүмкін.

РЕСЕЙ

Moscow Times газетінің хабарлауынша, Ресей астанасы барлық қызмет көрсету салаларының қызметкерлерінің 60% -нан тамыздың 15-не дейін толық вакциналануды талап ету жоспарын жариялады.

Мәскеу тұрғындары кафелерде, мейрамханаларда, барларда отыру үшін вакцина алғанын немесе иммунитеті бар екенін дәлелдейтін QR кодын шілденің 19-нан кейін ұсына алмайды.

САУД АРАБИЯСЫ

Мамырда Сауд Арабиясы жұмыс орнына барғысы келетін барлық мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлеріне вакцина салдыруды бұйырды.

Сонымен қатар, монархия аумағында, вакцина паспорты кез-келген мемлекеттік, жекеменшік немесе білім беру мекемелеріне кіруге және  тамыздың 1-нен бастап қоғамдық көліктерде жүру үшін қажет болады.

Сауд Арабиясының азаматтары тамыздың 9-нан бастап корольдіктен тыс жерлерге сапар шегу үшін екі доза вакцина алуға тиіс, деп хабарлады шілденің 19-да SPA мемлекеттік ақпараттық агенттігі Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

ТҮРКІМЕНСТАН

Түркіменстанның денсаулық сақтау министрлігі шілденің 7-де мәлімдегендей, 18 және одан жоғары жастағы барлық тұрғындар үшін COVID-19-ға қарсы вакцина алу міндетті.

АҚШ

АҚШ президенті Джо Байденның ойынша, барлық азаматтық федералдық жұмысшылар коронавирусқа қарсы вакцина салдыруы қажет немесе олар үнемі тестілеуге, әлеуметтік алшақтыққа, маска тағуға мәжбүр болып, жол жүргенде шектеулерге кезікпек.

Нью-Йорк мемлекеттік қызметкерлерден COVID-19-ға қарсы вакцина алуды немесе аптасына бір рет тексеруден өтуді талап етіп отыр. Бұл міндет қыркүйектің 6-да күшіне енеді, дейді губернатор Эндрю Куомо.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом болса, барлық мемлекеттік қызметкерлердің тамыздың 2-нен бастап вакцина алуға немесе аптасына кемінде бір мәрте COVID-19-ға қатысты тестілеуден өтуге бұйрық берілетінін ескертеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу