Қай қала мен облыстың тұрғындары салықтан жалтарады

14406

Жыл басынан бері 7 мың адамның пәтерлерін жалға заңсыз бергені әшкереленді.

Қай қала мен облыстың тұрғындары салықтан жалтарады

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті пәтерлерін заңсыз жалға беретін заңды және жеке тұлғаларға қарсы ымырасыз күресін жалғастырып жатыр.

Осыған орай өткізілген брифингте салықтық әкімшілендіру департаменті камералдық мониторинг басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Әмірханов мәлімдеме жасады. Ол пәтерлерін заңсыз жалға беретін тұлғалар тезге салынып, әкімшілік жауапкершіліккке тартылатынын айтты.

"Баспанасын заңсыз жалға беретін тұлғалар салықтан жалтарады. Бұл заңға қайшы әрекет. Мұндай тұлғаларға салық органдары өкілдерінің тарапынан  әкімшілік жаза қарастырылған. Көбінесе пәтерлерін жалға беретіндерге көршілері шағымданады. Арыз түскен үйді тексерген кезде пәтердің жалға заңды немесе заңсыз беріліп жатқаны анықталады", – деді Ербол Әмірханов.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті былтыр елорда да 12 мыңнан астам заңды тұлға мен 500-ге жуық жеке тұлға пәтерлерін заң шеңберінде, яғни салық төлеп, жалға беріп отырғаны туралы мәлімет таратқан. Онда бас шаһардың тұрғын үй қорында 238 мың пәтер бар екені  айтылған.

Ербол Әмірхановтың сөзінше, биыл жыл басынан бері 700-ге жуық адам пәтерін заңсыз жалға бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылған.

"Күні бүгінге дейін Алматыда заңды түрде жалға беріліп жатқан 1127, Астанада 1249 пәтер анықталды. Жалға берілетін пәтер иелерінің табысына 1% салық салынады. Бұл пәтерін 100 мың теңгеге жалға берген адам бюджетке 1 мың теңге аударады деген сөз", – деді Ербол Әмірханов.

Оның айтуынша, пәтерлерін жалға беретін тұлғалардың дені салық төлеуші ретінде тіркелуге асықпайды.

"Баспаналарын жалға беретін заңды және жеке тұлғалар табыстарын заңдастыру үшін мемлекеттік кіріс органдарының аумақтық бөлімшелеріне жеке табыс салығын төлеу декларациясын ұсынуға тиіс. Салықтан төлеуден жалтарған жандар айыппұл арқалайды", – деді Ербол Әмірханов.

Былтыр пәтерлерін жалға заңды түрде беріп жатқан тұлғалар бюджетке 207 млн теңге аударған. Биылғы жылдың алғашқы алты айында қазынаға 110 млн теңге кіріс кірген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш  230 млн теңгеге жетуге тиіс.

"Жыл басынан бері 7 мың адамның пәтерлерін жалға заңсыз бергені әшкереленді. Олар түсіндіру жұмыстарынан соң салық органына жеке кәсіпкер ретінде тіркелді", – деді Ербол Әмірханов.

Белгілі болғандай, Қазақстанда жалға берілетін пәтерлердің 50%-нан бюджетке салық түспейді. Салықтан көбінесе Алматы, Астана қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары жалтарады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу