Қайпановтың ерлігін қайталады Қайсанов

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4048

Еркін күрестен Азия чемпионатында Қазақ елі қоржынына тағы бір алтын медаль түсті.

Қайпановтың ерлігін қайталады Қайсанов

Күрес түрлерінен Қытайдың Сиянь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрес шеберлері арасындағы белдесулер толықтай аяқталды. Екінші күні де бес салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, Қазақ елі балуандарына бір жүлде ғана бұйырды. Жүлде болғанда қандай, саф алтын?!

Азия чемпионатының бірінші күні Нұрқожа Қайпанов 70 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмесе, екінші күні Данияр Қайсанов топ жарды. Әрі еркін күрестен Әсет Серікбаев баптайтын Қазақ елі құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды (алдымызды Иран және Үндістан балуандарынан орап кетті).

74 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Данияр Қайсанов әуелі моңғол Отгонбаяр Батсуриден басым түсті (8:1). Ширек финалда Өзбекстан балуаны Артем Присяжнюкті жеңді (12:0). Жартылай финалда Бахрейннің намысын қорғайтын, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Адам Батыров жарақатына байланысты кілемге шықпай, финалға өтті. Ал финалда Үндістан үміті Амит Кумарды ұтты (5:0).

Өкінішке қарай, қалған төрт балуанымыз жүлдеге іліге алмады. 61 келіде бақ сынаған Бауыржан Төребек алғашқы белдесуінде Солтүстік Корея спортшысы Кумсонг Риге есе жіберіп қойды (3:8). Ал өзге үшеуі іріктеу сынынан өткенмен, ширек финалда өзбек жігіттерінен ұтылып қалып, жігерімізді жасытты.

86 келі салмақта белдескен Әділет Дауламбаев 1/8-финалында Ливан балуаны Абу Надерді ұтқанмен (9:6), бұдан кейін Абдурасул Вахобовқа есе жіберіп алды (8:14). 92 келідегі Ералы Әбдірашев әуелі түркіменстандық Азат Гаджиевті жеңгенмен (7:0), ширек финалда Азизбек Солиевтен жеңілді (0:10). 125 келіде сынға түскен Олег Болтин моңғол Л.Мунхтурдан айласын асырғанмен (2:0), көрші елдің алыбы Хасанбой Рахимовқа жол берді (0:2).

Сонымен еркін күрес шеберлері өз өнерін аяқтады. Енді Сиянь бозкілемінде әйелдер арасындағы белдесулер өтеді. Ертең біздің елдің намысын Валентина Исламова (50 келі), Марина Седнева (55 келі), Мадина Бақбергенова (59 келі), Ирина Казюлина (68 келі), Гүлмарал Еркебаева (76 келі) сынды балуан қыздар қорғайды.  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу