"Қайрат" "Ақжайықты" еш қиындықсыз жеңді

1253

Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында үш кездесу өтті.

"Қайрат" "Ақжайықты" еш қиындықсыз жеңді

Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында "Қайрат" "Ақжайықпен" күш сынасты. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 3:1 есебімен аяқталды. Кездесудің 17-минутында Жоао Пауло көзге түсті. Бұл бразилиялық шабуылшының "Қайрат" жейдечіндегі алғашқы голы. 30-минутта Гүлжігіт Алықұловтың пасын ұтымды пайдаланған Небойша Косович командасының есептегі басымдығын арттырды. Ал 62-минутта Артур Шушеначев үшінші голды соқты. Бірақ ойынның аяқталуына бір минут қалғанда Лука Имнадзе жұбаныш голын соғып, есеп айырмасын қысқартты. Үш ұпайды қоржынға салған "Қайрат" үшінші орынға тұрақтады (44 ұпай). Оралдық клуб жетінші орынға жайғасты (30 ұпай).

Сонымен қатар "Каспий" мен "Қызыл-Жар" өзара мықтыны анықтады. Матч Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өтіп, 1:3 есебімен аяқталды. Ойынның 31-минутында "Қызыл-Жар" қақпасын пенальти белгіленіп, Алексей Залеский өз командасын алға шығарды. 39-минутта Мусса Коне бұрыштамадан асырылған пасты баспен қақпаға дәл бағыттап, таразы басын теңестірді. Төрт минуттан кейін Әлібек Қасым жеңіс голын соқты. Жеңіс тойын тойлаған Андрей Карпович шәкірттері 35 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді. 28 ұпайы бар ақтаулық клуб сегізінші орынға жайғасты.

Ал "Тараз" Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында "Атыраумен" кездесті. Матч Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 2:2 есебімен аяқталды. Ойынның небәрі 2-минутында Алекс Джуниордың пасынан кейін Петр Гжельчак есеп ашты. Бірақ бірінші таймның соңғы минуттарында Тимур Досмағамбетов жауапты голды соқты. Ал 58-минутта "Тараз" қақпасына пенальти белгіленді. Жиан Мартинстің тепкен добын Мұхамеджан Сейсен қайтарды. Ал 61-минутта алаң иелері пенальти тебу құқығына ие болды. Бұл жолы Урош Ненадович қақпашыдан айласын асыра алмады. Кездесудің 73-минутында Петр Гжельчак дубль авторы атанды. Десе де 97-минутта Бауыржан Байтана он бір метрлік айып добынан мүлт кетпей, командасына бір ұпай сыйлады. "Мұнайшылар" бұл ойыннан кейін 27 ұпаймен оныншы орыннан тапжылмады. 26 ұпайы бар "Тараз" бір саты төменде тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу