Іріктеу кезеңінің жауапты матчында қазақстандық клуб сырт алаңда Словакияның "Слован" командасын пенальти сериясында ұтып, келесі кезеңге өтті. Ойынның алғашқы минуттарында Жоржиньо қауіпті сәттердің бірінде қақпа маңдайшасын көздегенімен, мүлт кетті. 30-минутта алаң иелері "Қайрат" қорғанысындағы қателікті пайдаланып, Роберт Мактың голымен есеп ашты. Матч қыза түсті. Нәтижесінде "Слован" 8, алматылықтар 4 ескерту алды. Бірінші таймда жарақат алған Луиш Мата екінші таймда ауыстырылды.
Екінші таймда екі команда да қауіпті сәттер ұйымдастырды. "Слован" бір эпизодта гол соғуға бір табан жақын болды. Бірақ доп бағанадан қайтты. Негізгі уақыт 1:0 есебімен аяқталып, ойын қосымша уақытқа ұласты. Экстра-таймда алаңға ауысып шыққан Георги Зариа да жарақатына байланысты ойынды жалғастыра алмады.
Овертаймда да гол соғылмай, матч пенальтилер сериясына жалғасты. Бұл "Қайрат" тарихындағы алғашқы еурокубоктық пенальти болды. Марко Толич алғашқы соққысын голға айналдырды, ал Валерий Громыко қақпашыдан айласын асыра алмады. Петер Покорны есепті 2:0 етті. Александр Мартынович пен Рикардиньо өз соққыларын сәтті орындады. Есеп 3:3 болған сәтте Тигран Барсегян мүлт кетті. Шешуші пенальтиді Жоржиньо дәл орындап, алматылық командаға жеңіс сыйлады – 4:3.
"Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққаны үшін қомақты сыйақыға да ие болды. Еуропаның басты клубтық турнирінің іріктеу финалына жолдама алған командамыз 4,29 миллион еуро (2,69 миллиард теңге) табыс тапты. Егер алматылықтар топтық кезеңге өтсе, жүлде қоры 18,62 миллион еуроға (11,7 миллиард теңге) дейін өседі.
Осылайша, "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтикке" қарсы ойнайды. Алғашқы матч 20 тамызда Глазгода, жауапты кездесу 26 тамызда Алматыда өтеді.