Бұл жолы бірқатар көшбасшы ойыншылар - Дуглас, Дәурен Ерғожин және Біржан Оразовтар алаңға шыққан жоқ. Алайда, бұл алматылықтарға ойынды өз қолдарына алуға еш кедергі келтірмеді. Қақпада Игита болды. Алғашқы болып Ранжел есеп ашты. Содан кейін ол мұнымен тоқтап қалмады. Ойынның төртінші минутында "Қайратқа" екінші гол соғуға көмектесті. Ранжелдің алыстан бағыттаған соққысын ел чемпионадарының "Ақтөбе" сапынан командаға ауысқан жаңа ойыншысы Витао тосып алып, қақпаға дәл бағыттады. Есеп 2:0. Үзіліске дейін таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Бірақ матч қайта басталғаннан кейін Савионың бұрыштама соққысын Альберт Акбалықов нысанаға дәл көздеді – 3: 0.
Осыдан кейін ғана "мұнайшылар" ширақ қимылдай бастады және қақпашының орнына алаңға бесінші ойыншыны шығарды. Кездесудің 26-минутында Жомарт Тоқаев Деоның берген пасынан кейін Игитаның осал тұсын тауып, есеп айрмасын қысқартты. Осыдан кейін қонақтар өте белсенді өнер көрсетті. Ал бұған "Қайрат" қарсы шабуылдарымен жауап беріп отырды.
Кездесудің аяқталуына алты минут қалғанда Шыңғыс Есенаманов Эдсонға пас шығарды. Ол қорғаушыдан өтіп, қақпаға тура соққы жасап, есеп 4:1-ге жетті. Бұл голға "Атырау" бір минуттан соң жауап берді. Деоның алыстан бағыттаған соққысын Эрик Данило сәтті пайдаланды - 4:2. Матчтың аяқталуына 55 секунд қалғанда Дәурен Тұрсағұлов допты Эдсонға берді. Ол өз кезегінде мүмкіндікті пайдаланып, дубль авторы атанды. Қорытынды есеп 5:2. Осылайша "Қайрат" футзалдан алтыншы мәрте Суперкубок иегері атанды.
Бұл 2021/22 жылғы маусымның тұсаукесер матчы болды. Екі күннен кейін ел кубогі жолында тартысты бәсеке басталады.
Ермұхамед Мәулен