Алматының "Қайрат" футбол клубы аргентиналық жартылай қорғаушы Себастьян Себальоспен ресми түрде келісімшартқа отырды. Тараптар арасындағы келісім 2027 жылдың соңына дейін күшінде болады.
24 жастағы футболшы оң қапталда ойнайды. Оның бойы – 168 см, салмағы – 65 келі. Хуан Себастьян Себальос Аргентинадағы Буэнос-Айрес провинциясының Хосе-Мария-Хауреги қаласында дүниеге келген.
Кәсіби мансабын "Лос Андес" клубында бастаған ол кейін "Индепендьенте Ривадавия" және "Тальерес" клубының екінші командасында өнер көрсетті. Аргентина чемпионатынан кейін Себальос Боливияға ауысып, жоғары лигада бақ сынайтын "Реал Оруро" командасының негізгі ойыншыларының біріне айналды.
Өткен маусымда аргентиналық жартылай қорғаушы 40 матчқа қатысып, 18 гол соғып, 5 нәтижелі пас беріп, жоғары нәтиже көрсетті. Енді ол осы жетістіктерін "Қайрат" құрамында жалғастыруды көздеп отыр.