"Қайрат" "Астананың" жетістігін қайталай ала ма?

1732

"Қайрат" 9 желтоқсаннан 10 желтоқсанға қараған түні сырт алаңда Конференциялар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы ойынын кипрлік "Омонияға" қарсы өткізеді. Осы кездесуде жеңіске жеткен жағдайда алматылықтар Еуропа лигасының негізгі кезеңі аясындағы сырт алаңдағы кездесулердегі "Астананың" жетістігін қайталай алады.

"Қайрат" "Астананың" жетістігін қайталай ала ма?

Кипрде жеңіске жеткен күннің өзінде "Қайрат" келесі кезеңге шыға алмайды. Бірақ алматылықтар маусымды тамаша нотада аяқтай алады. Оның үстіне қазақстандық клубтар бұрын-соңды кипрліктерді сырт алаңда жеңген емес. Бұған дейін екі рет тең түсіп, екі жеңіліс болған. Бір ұпай жинаған "Қайрат" Н тобында соңғы орынға жайғасты. "Омония" үш ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Швейцариялық "Базель" мен әзірбайжандық "Қарабах" 11 ұпайдан жинап, топтағы жеңімпазды өзара кездесуден кейін анықтайды.

Алматылық "Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев команданың кипрлік "Омонияға" қарсы өткізетін матчқа қатысты өз пікірін білдірді.

"Бұл Конференция лигасының топтық кезеңіндегі соңғы ойын. Бұл матчтың турнирлік кестеде маңызды емес екенін түсінеміз. Бірақ біз үшін маңызды. Әрбір еурокубок ойыны маңызды. Қарсыласқа келетін болсақ, оларда қорғаныста сауатты ойнап, шабуыл жасауды білетін тәжірибелі ойыншылар жеткілікті. Біз тек "Қайраттың" ғана емес, еуропалық додаларда Қазақстанның намысын қорғаймыз. Омония - техникалық тұрғыдан жақсы, тәжірибелі команда. Олар төрт-бес қорғаушымен бірдей, әртүрлі жүйелерде  жақсы ойнайды. Команданың бапкері білікті. Алда қиын ойын күтіп тұр.  Маусымды жеңіспен аяқтау өте маңызды. Біз кез келген жағдайда күресуге дайынбыз. Әрине, бұл ойын Алматыда өткен матчтан өзгеше болады. Біз әр ойын сайын жақсарып келе жатқанымызға сенімдіміз", - деді Құрбан Бердыев.

Никосиядағы кездесу 9 желтоқсаннан 10 желтоқсанға қараған түні өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 01:50-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу