"Қайрат" "Барселона" түлегін қатарға қосты

1120

Алматылық клуб бұл ойыншы үшін 500 мың еуро төлеген.

"Қайрат" "Барселона" түлегін қатарға қосты

"Қайрат" 26 жастағы камерундық қорғаушы Маки Баньякпен келісім-шарт жасасты, деп хабарлайды алматылық клубтың ресми сайты.

Жақын күндері ойыншы медициналық тексеруден өтіп, еңбек келісім-шартына қол қою үшін Қазақстанға келеді. Футболшы "Қайратпен" 2,5 жылдық келісім-шартқа отырмақшы.

Баньяк - каталондық "Барселонаның" түлегі. Ол 2012-2016 жылдары "Барселонаның" жастар командасында өнер көрсетті. Одан бөлек, "Реал Сарагоса", аустриялық "Адмира Ваккер", словениялық "Олимпия" және сербиялық "Партизан" клубтарының намысын қорғады.

Сонымен қатар алматылық команданың құрамында тағы бір өзгеріс орын алды. Бүгін "Қайраттың" шабуылшысы Адеринсола Эсеоланың командадан кеткені белгілі болды. Ол мансабын украиналық "Ворскла" ұжымында жалғастырмақшы.

""Қайрат" пен "Ворскла" Полтава футбол клубтары Адеринсола Эсеоланың трансфері туралы нақты келісімге келді. Эсеола "Қайрат" сапына 2018-жылдың жазында қосылған еді. Содан бері ол алматылық клубтың жейдесінде 84 матч өткізіп, 38 гол соқты. 2019-жылы Қазақстан чемпионатының үздік сұрмергені деп танылды. 30 жастағы шабуылшы 2018-жылы Қазақстан Кубогін жеңіп алды, ал өткен жылы командамен бірге Қазақстан чемпионы атанды. "Қайрат" футбол клубының ұжымы Деринге сәттілік тілейді", - деп жазды команданың ресми сайты.

Айта кетейік, 1-шілде күні 2021-жылғы футбол маусымының екінші трансферлік тіркеу кезеңі басталды. Футбол клубтары Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жарыстарына қатысу үшін жаңа ойыншыларды тіркей алады және жазғы тіркеу кезеңі 29 шілдеде аяқталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу