"Қайрат" Чемпиондар лигасында жеңіске жетті

1721

​Алматылық "Қайрат" чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында "Црвена Звезда" командасынан басым түсті.

"Қайрат" Чемпиондар лигасында жеңіске жетті

Израильдің "Маккаби" Хайфа командасын жеңіп өткеннен кейін "Қайрат" "Црвенаға" қарсы матчқа қанаттанып шықты. Кездесудің бастапқы бөлігінде алматылық команда қайта-қайта шабуылдап, қонақ команданың қорғанысының мазасын алды. Қапталдағы қорғаушы Камо Огонесян гол салатын тамаша мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Кейіннен бқрыштама добы көтеріліп, Ғафұржан Сүйімбаевтың пасы нәтижелі болды. Хосе Канте баспен әдемі гол салып, "Орталық" стадионға жиналған жанкүйердің көңілін бір көтеріп тастады. Бірінші таймда Сербия чемпионының гол салатын бірде бір мүмкіндігі болмады.

Алайда, екінші таймды Деян Станковичтің шәкірттері ширақ бастады. Қаптал арқылы шабуылдап, ортаға қатты пас асырды. Сол пас алдымен Нұралы Әліпке, кейіннен Дино Микановичке тиіп Покатилов қақпасына еніп кетті. Автоголдың кесірінен есеп теңесті, 1:1. Матч барысында "Қайрат" ойыншысы Небойша Косович пен команда капитаны Ғафұржан Сүйімбаевтар жарақат алып, алаңнан медецина қызметкерлерінің көмегінің арқасында ғана кетті. Олардың орнына Ян Вороговский мен Арсен Бораншиевтер шықты. Негізгі екі мықты ойыншысынан айырылған соң бапкер Кирилл Кекер амалсыз қорғаныс арқылы ойнап, Артур Шушеначевтің орнына Маки Баньякты шығарды. Жаңадан ауысып келген бұл футболшы негізінен қорғанысқа жауап беретін аяқдопшы болатын. "Қайрат" 1:1 есебіне амалсыз қанағат деп, қорғанысқа жатты. Әрі аракідік қарымта жылдам шабуыл ұйымдастырып, қарсыласты тұтқиылдан тап бермек болды.

Ал матчтың 80-минутында "Қайрат" тағы бір бұрыштама добын көтерді. Сол кезде қарбаласқан сәт туындап, алаңға енді ғана шыққан Маки Баньяк қақпашымен бетпе-бет қалып кетіп, гол салды. Есеп 2:1. Жалпы осы матчта алматылық команда стандартты жағдайларға көп сенім артты. 6 бұрыштама көтергені Құрбан Бердыевтің бапкерлік ізінің бар екенін байқатады. Ал қарсылас команда жеңіліп жатқан кезде қалың нөпір шабуыл ұйымдастыратыны белгілі. Сондықтан "Қайрат" алаңға жылдам ойнайтын Гүлжігіт Алықұловты шығарды. Қырғыз футболшысы сербиялық футболшыларды алдап өтіп, 2-3 шабуыл ұйымдастырды. Ең үздік қорғаныс шабуыл демекші Қазақстан чемпионы ойынның соңғы 10 минутын осылай өткізді. Енді жауапты кездесуде "Қайрат" жеңіліп қалмаса болды. "Црвена" командасы 48 ойын бойы жеңілмей келіп, Алматыда ұтылып қалды. Араға апта салып "Қайрат" Сербия жеріне қонаққа барады. Бар мәселе сол кездесуде шешіледі. Жеңсе "Алашкерт" - "Шериф" кездесунің жеңімпазымен ойнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу