Алматылық "Қайрат" клубы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта сырт алаңда Кипрдің "Омония" командасына 1:0 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Панайотис Андреу айып алаңындағы қарбаластан кейін допты қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттады.
34-минутта "Омония" қорғаушысы Лоик Него өрескел ойыны үшін алаңнан қуылды. Алғашында төреші оған сары қағаз көрсеткенімен, VAR жүйесіндегі бейнеқайталауды қарап шыққан соң қызыл қағаз берді.
Үзілістен кейін "Қайрат" шабуыл шебін күшейтіп, Әділет Садыбековтың орнына Эдмилсонды шығарды. Кейін Исмаил Бекболат Еркін Тапаловты, Лев Кургин Ойва Юкколаны алмастырды. Матч соңына қарай Азамат Тұяқбаев пен клубтың жаңа ойыншысы Густаво Мендоса Луиш Мата мен Марк Гуальдың орнына алаңға шықты.
Екінші таймда алматылықтар ойынның 69 пайызында допқа иелік етіп, қақпаға екі дәл соққы жасағанымен, есепті теңестіре алмады. Осылайша кездесу 1:0 есебімен "Омонияның" пайдасына шешілді.
Қарымта матч 29 шілдеде сағат 20:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
"Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчта Черногорияның "Сутьеска" клубын 2:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған болатын.