Ресейде өткен кездесу 3:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. 10-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов есеп ашты. Бірақ 28-ші және 35-ші минуттарда бразилиялық Таффи дубль жасап, командасын алға шығарды. Ал 37-минутта Йован Лазаревич үшінші голды соқты. 40-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Альберт Ақбалықов есеп айырмасын қысқартты.
Осылайша, төрт ұпайы бар "Қайрат" топта үшінші орынға ие болды. Қазақстандық команданы қосымша көрсеткіштер бойынша франциялық "Аньер-Вильнев" басып озды. Ал "Тюмень" топтағы үш кездесуде де жеңіске жетіп, финалдық кезеңге жолдама алды.
Матч аяқталған соң "Қайраттың" бас бапкері Рикардо Кака мен "Тюменнің" бас бапкері Николай Иванов ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.
"Шиеленісті сәттерде ойынды бірқалыпты ұстап тұруға күшіміз жетпей қалды деп ойлаймын. Жалпы ойын тең болды. Мұнда барлығын "Тюменнің" соққан голы шешті. Мүмкін ол кезде жауапты гол соғуға қауқарымыз жетпеген шығар. Тюменьдіктер бұл жеңіске лайық деп айта аламын. Команда үшінші кездесуге жақсы және толық құраммен шықты. Спорт кешенінде керемет атмосфера орнады және біз жанкүйерлер үшін нағыз футзал мерекесін жасадық", – деді Кака.
Ал бас бапкер Николай Иванов ойын алдында өз командасына осы уақытқа дейін "Қайратпен" өткізген кездесулердің статистикасын мысалға келтіріп, оны жақсарту керектігін айтқан екен.
"Әдетте қарсыласты сараптауға көп уақыт кетеді. Бұл жолы шамамен 20 минутқа созылды. Кейбір қателіктерімізді түзеттік. Мен жай ғана "Қайратпен" кездесудің статистикасын келтірдім. Біз қазақстандық клубты бір-ақ рет жеңген екенбіз. Сондықтан мен жігіттерге осы статистиканы жақсарту және өзгерту керек екенін айттым. Финалға лайықпыз деп ойлаймын. Мұны өз ойынымызбен дәлелдедік", – деді ресейлік команданың бас бапкері.
Естеріңізге сала кетейік, "Қайрат" элиталық раундтың бірінші матчында белоруссиялық "ВитЭнді" ұтып (3:2), екінші ойында "Аньер Вильневпен" тең ойнаған (3:3) болатын.
Ермұхамед Мәулен