"Қайрат" "Елімаймен" тең тарқасты, "Тобыл" аутсайдер командадан жеңілді

715

Қазақстан чемпионатының 9-турының матчында "Елімай" өз алаңында "Қайратты" қабылдады. 

"Қайрат" "Елімаймен" тең тарқасты, "Тобыл" аутсайдер командадан жеңілді Фото: sports.kz

 Семейдегі стадионның трибунасы лық толы болып, "Елімай" жеңіске жетуге және ҚПЛ турнирлік кестесінде көш бастауды көздеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бас бапкердің міндетін атқарушы Рафаэль Уразбахтин жаттықтыратын "Қайраттың" да көңіл-күйі жақсы болды. Өйткені жаңа бапкер көмегімен алматылықтар чемпионаттағы соңғы екі матчта жеңіске жетті. Есеп екінші таймда ашылды. 55-минутта бразилиялық Жоао Пауло "Қайратты" алға шығарды. Бұл Жоао Паулоның осы маусымдағы үшінші голы.

Дегенмен, "Елімай" соңғы минуттарда таразы басын теңестіріп кетті. 95-минутта Юрий Перцухтың қақпаға алыстан бағыттаған керемет соққысы қорытынды есепті орнатты – 1:1. Осылайша, Семейдегі матчтан кейін алматылық клубтың еншісінде 15 ұпай болса, "Елімай" мен "Ақтөбеде" де сонша ұпай бар.

Сондай-ақ Қазақстан чемпионатының тоғызыншы турындағы ойында "Жетісу" өз алаңында Петропавлдың "Қызыл-Жар" командасын қабылдады. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері биылғы маусымдағы турнирдің басты сенсациясына айналып, көшбасшылар қатарында келеді. Алайда бірінші таймда бірқатар сәтсіз нәтижелерден кейін қызылжарлықтар ерекше ынта танытып, бірнеше гол соғатын мүмкіндіктерге ие болды. Бірақ, есеп ашылмады.

Екінші таймда ойын шиеленісе түсті. Ойынның соңғы кезеңінде "Қызыл-Жардың" жеңіске жетуге тамаша мүмкіндігі болды. 75-минутта "Жетісу" сапынан Виктор Брага алаңнан қуылса, 83-минутта тағы бір талдықорғандық жартылай қорғаушы Цотне Мосиашвили қызыл қағаз алды. Сонымен қатар, төреші "Жетісу" қақпасына пенальти белгіледі. Алайда "Қызыл-Жар" командасының көшбасшысы Евгений Березкин допты қақпадан биікке асырып, айып добын сәтті орындай алмады. Осылайша жетісулық команданың қорғанысы  тас қамалдай болды. Нәтижесінде "Жетісу" мен "Қызыл-Жар" арасындағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды.

Қазақстан чемпионатының биылғы маусымының фавориттерінің бірі "Тобыл" сырт алаңда турнирдің аутсайдер командасы "Шахтермен" ойнады. Қарағандылық клуб өз алаңында турнирлік кестедегі орынын жақсартуға ынталы болды. Бірінші таймның өзінде-ақ Андрей Финонченко шәкірттері алға шықты. Голды колумбиялық тәжірибелі жартылай қорғаушы Рохер Каньяс соқты. Милич Чурчич командасының жағдайды түзеп, жеңіліске жол бермеу әрекетіне қарамастан, "Шахтер" маусым көшбасшыларының бірін тізе бүктіріп, күтпеген жеңіске қол жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу