"Қайрат" Еурокубоктегі алғашқы кездесуін өткізді

1250

Алматылық клуб Конференция лигасындағы алғашқы ұпайын қоржынға салды.

"Қайрат" Еурокубоктегі алғашқы кездесуін өткізді

"Қайрат" футбол клубы Конференция лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойынын өткізді. Құрбан Бердыев шәкірттері Қазақстанға келер алдында бірнеше ойыншысынан айырылған кипрлік "Омониямен" кездесті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 0:0 есебімен тең аяқталды.

Кипрлік клуб гол соғатын бірнеше мүмкіндікке ие болды. Бірақ бұл ойында "Қайрат" қорғаушылары мен Стас Покатилов сенімді түрде әрекет етті. "Қайрат" командасы да "Омония" қақпасына қауіп төндірді. Алайда ойыншыларға соңғы сәтте салқынқандылық пен дәлдік жетіспеді. Атап айтқанда, Вагнер Лав екінші таймда қақпашымен жеке-дара шығып, гол соға алмады.

Кездесу аяқталған соң "Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев матчқа байланысты өз пікірін білдірді.

""Омония" бізге шамамен тең қарсылас. Бірінші таймда гол соғатын бірнеше мүмкіндікті жіберіп алдық. Жалпы ойын тең дәрежеде өтті. Алайда, біз де, Омония да гол соқпадық. Дегенмен бірінші ойындағы бір ұпайдың өзі алға жасалған қадам болып табылады. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ Омония бізден әлсіз деп ойламаймын. Команданың тәжірибесі жақсы және дайындық деңгейі жоғары ойыншылары бар. Әрине, үйдегі ойын болғандықтан біз көп нәрсе күттік. Бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Гол соқпағанымыз өкінішті. Сонымен қатар, біз стандарттарға мұқият дайындалдық. Нәтижесінде ойында көптеген мүмкіндіктер болды. Бірақ гол соға алмадық", - деді Құрбан Бердыев.

Сонымен қатар "Қайраттың" қорғаушысы Камо Оганесян да өз ойын айта кетті.

"Ойынның ортасында матч қыза түсті. Өйткені біз 3-5-2 немесе 5-3-2 форматында ойнаймыз. Соған байланысты қарсыластар да тактикасын өзгертті. Бастысы қысым жасау болды. Ойын тең дәрежеде өтті. 0:0 есебі жаман емес. Дегенмен біз күткен нәтиже бұл емес еді. Бапкер жылдам қимылдау керек екенін айтты. Бірақ, басты мәселеміз де осы болды", - деді Огонесян.

Ел чемпиондары еурокубоктегі келесі кездесуін 1 қазан күні швейцариялық "Базельге" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу