Алматылықтардың бүгінгі қарсыласы қатарынан екі жеңістен кейін алты ұпаймен кестеде көш бастап тұрған ресейлік "Тюмень" командасы. Ал "Қайраттың" қоржынында төрт ұпай бар.
"Қайрат" турнирдің екі дүркін жеңімпазы және оныншы рет финалға жолдама алған алғашқы команда атану үшін барын салады. Соңғы ойында Рикардо Кака шәкірттері франциялық "Аньер-Вильневпен" тең 3:3 есебімен тең ойнаған болатын. Алматылықтар үшін ол кездесу сәтсіз басталды. 14-минутта қарсылас Гальвао Да Сильва мен Болиньяның дәл соққысынан кейін 0:2 есебімен алға шықты. Оның үстіне бірінші гол қазақстандық клубтың қорғанысындағы өрескел қателіктің нәтижесінде жіберілді. Бір қуантарлығы, алматылықтар үзіліске дейін Эдсонның күшімен (15-минут) есеп айырмасын қысқартып алды. Ал екінші таймның басында Диего Фаверо таразы басын теңестіріп қана қоймай, дубль жасап, командасын алға шығарды. Алайда "Қайрат" жанкүйерлерінің қуанышы көпке созылмады. 33-минутта Сухеиль Мухудин жауапты голды соғып кетті. Осылайша, алматылық команда қолда тұрған жеңістен айрылып қалды.
Ал кеше ресейлік "Тюмень" Беларусьтің "ВитЭн" командасымен кездесті.
Матч 3:2 есебімен "тюменьдіктердің" пайдасына аяқталды. Беларуссиялық клуб ойын барысында 2:1 есебімен алға шыққанымен, үзілістен кейін Ресей құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып әкетті. "Тюмень" командасынан Денис Неведров (9-минут), Бруно Таффи (21-минут) және Андрей Соколовтар (29-минут) көзге түсті.
Осы жеңістен кейін 6 ұпаймен "Тюмень" А тобында көш бастады. "Қайрат" 4 ұпаймен 2-орынға жайғасты. "Аньер-Вильнев" 3-орында тұр. Ал "ВитЭн" мүлде ұпай жинай алмай, көш соңында қалды.
Бүгін "ВитЭн" - "Аньер-Вильнев" және "Тюмень" - "Кайрат" командалары кездеседі. Алматылық клубқа тек жеңіс керек. Өйткені өз тобында бірінші орын алған команда ғана Чемпиондар лигасының финалына жолдама алады. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады. Рикардо Кака шәкірттері жанкүйерлер үмітін ақтайды деген ойдамыз.
Ермұхамед Мәулен