"Қайрат" финалға шықты

1507

"Қайрат" маусымды трофеймен аяқтауға тырысады, ал "Астана" үшін бұл соңғы ойын болды.

"Қайрат" финалға шықты

"Қайрат" Қазақстан кубогінің жартылай финалындағы жауапты матчта "Астананы" қабылдады. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

Ойынның алғашқы бөлігінде гол көре алмадық. Ал 60-минутта "Қайрат" қорғаушысы Раде Дугалич екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды. Бес минуттан кейін "Астана" футболшысы Мейрамбек Қалмырза өз қақпасына гол соғып алды. Араға бірнеше минуттар салып Қалмырза да қызыл қағаз алды. Ойынның соңғы бөлігінде қосалқы құрамнан шыққан Хосе Канте мен Вагнер Лав мергендік танытып, командасына жеңіс сыйлады.

Естеріңізде болса, қос қарсыластың Нұр-Сұлтандағы бірінші ойыны 7 қарашада "Астана Арена" стадионында 3:0 есебімен, "Қайраттың" жеңісімен аяқталған еді. Бұл жолы қарымта матчқа "Астананың" 11 ойыншысы қатыса алмады. Елордалық клубтың қорғаушысы Антонио Рукавина сол матчтан кейін бірден мансабын аяқтау туралы шешім қабылдаса, ал жартылай қорғаушы Тигран Барсегян қазан айында ел чемпионатында "Қайратқа" қарсы тәртіп бұзғаны үшін бір айға ойындардан шеттетілді.

Сонымен қатар "Астананың" тағы тоғыз ойыншысы – Абзал Бейсебеков, Жарко Томашевич, Макс Эбонг, Лука Шимунович, Марк Гурман, Валерий Чуперка, Александр Заруцкий, Сағи Совет және Данил Подымскийлер жарақат алған. Олардың алтауы команданың негізгі ойыншылары. Сондықтан бүгінгі нәтиже таңқаларлық емес деп ойлаймыз.

Финалға берілетін екінші жолдаманы ертең "Тобыл" мен "Шахтер" клубтары сарапқа салады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу