Бұл шешімді футболшылар мен бапкерлер штабы қабылдады. Онлайн-конференция өткізілгеннен кейін мұндай бастаманы негізгі команданың барлық ойыншылары, сондай-ақ әкімшілік пен қызметкерлер де қолдады.
"Жалақыны елу пайызға төмендету шешімі біздің тарапымыздан ұсынылды. Біз жиналыс өткізіп, осындай қиын кезеңде түсіністік таныту керек деп шештік. Барлық қазақстандық және шетелдік ойыншылар осы идеяны қолдады. Біз бірге қиындықтарды жеңе аламыз", - деді "Қайрат" ФК капитаны Гафуржан Суюмбаев.
Сонымен қатар "Қайрат" ФК қорғаушысы Раде Дугалич те осы мәселеге байланысты өз ойын білдірді. "Біз жиналыс өткіздік. Барлығымыз бірге: ойыншылар, бапкерлер құрамы, әкімшілік. Осы қиын уақытта клубқа көмектесу туралы шешім қабылдадық. Саналы түрде осы айда жалақының жартысын төмендетуге бардық. Сәуір айын футболсыз өткіземіз, сондықтанда бұл дұрыс шешім. Бүкіл әлемде қазір күрделі жағдай. Барлық бизнес шығынға ұшырауда. Бірігіп, қиындықтарды бірге жеңу керекпіз. Біз бір үлкен отбасымыз. Клуб басшысы біз үшін көп нәрсе жасауда. Қазіргі қиын кезеңде бізде оған көмектесуге мүмкіндік бар. Карантин жақын арада аяқталатынына сенімдімін, және де чемпионатты жалғастыра аламыз. Барлығымыз футболды сағындық", - деді сербиялық қорғаушы Раде Дугалич.
Сондай-ақ елордалық "Астана" футбол клубы футболшыларына сәуір айының жалақысын елу пайызға қысқартамыз деген еді. Алайда 2-сәуір күні клуб басшылығы футболшардың наурыз айындағы жалақысының толықтай берілетінін, ал сәуір айының жалақысын тек отыз пайызға қысқартатынын хабарлады.
Коронавирус пандемиясына байланысты "Ертіс" командасы өз ойыншыларына ең төменгі жалақы, яғни 42500 тенге тағайындаған болатын. Ал "Каспий" футболшылармен жасалған келісім-шартты тоқтатып, жалақы төлеуден мүлде бас тартты. Мұндай жағдай Әлемдік футболда да орын алды. Олардың арасында испаниялық "Барселона", италиялық "Ювентус" және немістің "Бавариясы" да бар.
Ермұхамед Мәулен