"Қайрат" қара үзді

2263

Алматылық команда чемпиондыққа тағы бір сенімді қадам жасады.

"Қайрат" қара үзді

9-тур ойындары "Қайрат" - "Қызылжар" кездесуімен аяқталды. Ойынның 27-минутында Абат Айымбетов қарбаласқан сәтте гол салып, командасын алға шығарды. Бұл жас шабуылшының чемпионаттағы 5 голы болатын. Осылайша Айымбетов Жоау Пауло, Рунар Сигурьонсон секілді сұрмергендер қатарына қосылды. Екінші таймда "Қызылжар" ес жиып, толассыз шабуылдарды тойтарып тастады. Тіпті алға шығып, "Қайрат" қақпасына гол салғысы келді. Ойынның соңғы секундтарында тіпті таразы басы теңесіп кетуі де мүмкін еді. Алайда, қақпашы Стас Покатилов сейв жасап, командасын кіргелі тұрған голдан аман алып қалды. Осының арқасында "Қайрат" 3 ұпай еншілеп, "Астанадан" басымдылығын 9 ұпайға дейін ұлғайтты. "Қайратта" қазір 24 ұпай болса, "Астанада" 15 қана. Алайда, Алексей Шпилевскийдің командасы елордалық клубқа қарағанда бір ойынға көп өткізген.

Айта кетуіміз керек осы матчтан соң "Қайрат" Қазақстан чемпионатында ең көп гол салған ұжымға айналды. Алматылық команда қарсыластар қақпасына 22 гол салды. Сонымен бірге, біріншілікте қақпасына аз гол жіберген команда болып тіркелді. "Қайрат" 9 ойында небәрі 5 гол ғана жіберген.

Жалпы, 9-тур ойындарында Алматы облысының командалары жақсы нәтиже тіркеді. Талдықорғанның "Жетісуы" мен "Қайрат" қана жеңіске жетіп, 3 ұпайдан еншіледі. Ал қалған үш матч тең аяқталды. Келесі ойынды "Қайрат" 27 қыркүйек күні "Оқжетпеске" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу