2025/2026 жылғы еуропалық клубтық жарыстар маусымының алдын ала қаржылық қорытындысы бойынша Қазақстан УЕФА жүлде қоры рейтингінде 39 елдің арасында 21-орынға жайғасты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл нәтижеге еурокубоктардың негізгі кезеңдерінде ел намысын қорғаған жалғыз қазақстандық клуб – "Қайрат" қол жеткізді. Алматылық команда маусым барысында 21,2 миллион еуро табыс тапқан.
УЕФА рейтингінде Англия көш бастап тұр. Еуропалық жарыстарда тоғыз клуб өнер көрсеткен ағылшын командалары жалпы 676 миллион еуро табысқа ие болған. Екінші орында сегіз клубымен Испания болса, үздік үштікті жеті клубпен Германия түйіндеді.
Клубтық табыс бойынша алғашқы бестікке Англия, Испания, Германия, Италия және Франция енді.
Ал Қазақстан бір ғана клубтың нәтижесімен УЕФА-ға мүше 39 елдің арасында 21-орынға көтеріліп, үздік 25 елдің қатарына енді.
2025/2026 маусымындағы еуропалық жарыстардағы клубтық кірісі бойынша алғашқы 5 ел:
1. Англия (жалпы 9 клуб) – 676,0 миллион еуро
2. Испания (8 клуб) – 446,2 миллион еуро
3. Германия (7 клуб) – 386,8 миллион еуро
4. Италия (7 клуб) – 315,7 миллион еуро
5. Франция (7 клуб) – 310,7 миллион еуро
21. Қазақстан (1 клуб) – 21,2 миллион еуро