"Қайрат" келесі кезеңге өтті

1413

Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен "Қайрат" келесі кезеңге жолдама алды.

"Қайрат" келесі кезеңге өтті

Қазақ футболына қарғыстай жамылған Израиль клубтары еурокубок ойындарында үнемі біздің командаларды жеңіп кететін. Бұл жолы қатып қалған қағиданы "Қайрат" бұзды. Алғашқы ойында алматылықтар 1:1 тең ойнап келді. Ол матчта Қазақстан чемпионы жеңіліп жатып, таразы басын теңестіріп кетті. Нұралы Әліп бұрыштама кезінде баспен гол салды. Араға апта салып "Қайрат" қарсыласын Алматы қаласында қабылдады. Кездесудің алғашқы минуттарында Хайфа қаласынан келген қонақтар белсенділік танытты. Тіпті гол салып кететін де бір мүмкіндігі болды. Алайда, Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатилов дер кезінде шапшаңдық танытып, қауіптің бұлтын сейілтті. Ал одан кейін ортадан шабуыл ұйымдастырған Небойша Косович айып алаңында тұрған Артур Шушеначевке дәл пас берді. Ұзын бойлы шабуылшымыз допты кеудесімен ысыра салып, Вагнер Лавқа тамаша мүмкіндік жасап берді. Тәжірибиелі шабуылшы өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Гол салған соң ойын бір сыдырғы саябырсып қалды. Екінші таймда қорғаушылардың қателігін пайдаланған Вагнер Лав әріптесіне пас беріп еді, қорғаушылар оны дәл Айбол Әбікеннің аяғына салып берді. Жартылай қорғаушы шабуылға араласқаны жөн болса керек, бірден гол салды. Ал ойынның соңында ішкі біріншіліктің тұрақты сұрмергені Жоао Паулу алаңға алмасып шығып, Чемпиондар лигасында "Қайрат" үшін дебют жасады.

Осы жеңістің арқасында "Қайрат" іріктеу кезеңінің екінші айналымына жолдама алды. Енді алматылық команда 20 шілде күні Сербия чемпионы "Црвена Звезда" командасын қабылдайды. Алғашқы ойын Алматыда өтсе, жауапты кездесу 27 шілде күні Белградта ойналады. Айта кетейік, егер Қазақстан чемпионы бұл қарсыластан өте алмаса онда, Еуропа лигасының үшінші кезеңіне түседі. Егер тіпті Еуропа лигасының үшінші кезеңінен өте алмаса, онда "Қайрат" жаңадан ашылған Конференция лигасының плэй-офф кезеңіне барады. Онда соңғы бір қарсыласты жеңсе, топтық кезеңге шығады. Жалпылама алғанда, "Қайратты" кем дегенде әлі еурокубокте 6 ойын күтіп тұр. Ал Конференция лигасында Қазақстан намысын үш клуб қорғайтынын айта кетуіміз қажет. Қарағандылық "Шахтер" Румыния мемлекетінің атақты клубы "Стяуамен" қарсылас атанса, "Астана" грекиялық "Ариспен" күш сынасады. Ал Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері "Тобыл" хорватиялық "Хайдук" клубымен кездеседі. Ойындар шілденің 22 және 29 күндеріне жоспарланған. Конференция лигасында бір қарсыласты айналып өте алмаса, клубтарымыз сол жерден жарысты аяқтап, еурокубок жарыстарынан шығып қалады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу