Заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігі, экономиканы әртараптандыру сынды бағыттарды дамытуды қолға алған агенттік төрағасы Қайрат Келімбетов алға қойған мақсат пен міндетті жүзеге асыру тетіктерін айтты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе
"Қазір әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр: дамыған елдерде төртінші индустриялды революция – жаңа технологиялар, цифрландыру үдерістері жүруде. Пандемия әлем бойынша денсаулық сақтау саласындағы бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, мұндай пандемия енді алдағы уақытта да болмақ, климаттың өзгеруі мен биылғы мұнай бағасының құлдырауы оңайға соқпады. Мұның бәрі ең алдымен мемлекеттік аппараттың қазақстандықтардың сұранысына сай жедел және тиімді әрекет ете алатындай болуын талап етеді. Сондықтан осы бағыттағы өзгерістерді басқаратын арнайы жүйе жасалды. Реформа бойынша Жоғарғы кеңес құрылып, Президент өзі басшылық етті. Кеңестің міндеті – мемлекеттік органдарда қолға алынатын барлық өзгерістерді үйлестіру. Оған Президент аппараты, Премьер-министр, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігі секілді мемлекеттік құрылым жетекшілері кіреді", – деді Қайрат Келімбетов.
Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Жоғарғы кеңестің жұмыс органы ретінде жұмыс істейді. Мұндағы агенттіктің басты міндеті – мемлекеттік органдар тарапынан әзірленіп жатқан өзгерістерді топтастыру, сол арқылы қазақстандықтар өмірін жақсарту, мемлекеттік қызметті барынша тиімді үйлестіру.
Қандай жұмыстар атқарылды және қай салалар реформаланады?
"Ең әуелі өзгерістерді қажет ететін салаларға бағытталған жұмыс болмақ. 6 консультативтік жұмыс тобы құрылды. Олар: макроэкономика, экономиканы әртараптандыру, бизнесті реттеу, әлеуметтік саясат, сот және құқық қорғау жүйесі және кәсіби үкімет қалыптастыру реформасы бойынша топ", – деген агенттік төрағасы реформалау бойынша әр топқа жекелей тоқталды.
"Макроэкономиканы реформалау тобы туралы айтар болсақ, Қазақстан уақыттың, пандемияның сын-қатеріне лайықты түрде жауап берді. Денсаулық сақтау, экономикалық өсу секторында бізге Ұлттық қор қатты көмектесті, енді біздің Ұлттық қорды қалыптастыруға қалай кірісетініміз, біздің бюджет және қазына саясатымыздың қаншалықты ұтымды болатыны өте маңызды. Осы мәселелердің барлығы келесі жылы макроэкономика мәселелері жөніндегі топта қаралады", – деді
Мұндағы экономиканы әртараптандыру бойынша жұмыс тобы – экономиканың мұнай мен оның бағасынан тәуелсіз секторын құру бағытында жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа жұмыс орындары құрылады. Туризм, агрошаруашылық сынды секторларға назар аударылып, қаржы бөлінеді.
Одан кейінгі маңызды бағыттардың бірі – елдің бизнес-қауымдастығына жағдай жасау. Агенттік "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, шағын және орта бизнесті ынталандыру үшін бизнес-реттеуді, бизнес ахуалды жақсарту бағытында шаралар қабылдамақ.
Қайрат Келімбетов атап өткен тағы бір маңызды сектор – әлеуметтік сала. "Қазір Әлеуметтік кодексті құру жұмыстары басталды, ол жерде жан-жақты принциптер қамтылады. Келесі жылы бекітілуі тиіс бірнеше құжат бар, олар: Стратегиялық жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы. Сондай-ақ біз Өңірлік даму стратегиясын қабылдауды ұсындық. Әр өңірдің өзін дамытатын артықшылығы, өсу нүктелері бар. Біз құжатта соларды анықтағымыз келеді", – дейді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, құжаттарды жасауға Мемлекет басшысы атап өткен сарапшылар, отандық сарапшылар тартылды. Агенттік осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сарапшыларымен, халықаралық институттардың сарапшыларымен тығыз байланыста жұмыс істемек.
Мемлекет басшысы келер жылы Стратегиялық жоспарлау жүйесі бекітілгеннен кейін мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға ауысатынымызды атап өтті. Мұндағы ұлттық жоба дегеніміз – нақты бір мақсаттарға жетуге бағытталған кешенді жоспар.
"Мұнда мемлекеттік жүйелерді, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға көбірек қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ біз стратегиялық жоспарлау жүйесін мемлекеттік басқарудың барлық жүйесімен тығыз байланыстыруға ниеттіміз. Бұл мемлекеттік жоспарлау ғана емес, мемлекеттік бюджетті мемлекеттік қызмет үдерісімен, мемлекеттік қызметті жетілдіруді реттеу, цифрландыру үдерістерімен үйлестіру", – дейді агенттік төрағасы.
Осы бағыттардың барлығы келесі жылы жүзеге асады және әр ұлттық жобаны түрлі мемлекеттік орган жүзеге асырады. Цифрлық қызмет негізінде жұмыс істейтін арнайы орталықтар құрылады. Сонымен қатар, Цифрлық трансформация кеңсесі және Ұлттық жобалардың жүзеге асырылуын бақылау кеңсесі жұмысын бастайды.
"Өзгерістер 2021 жылдан басталады"
Қайрат Келімбетовтың айтуынша Мемлекет басшысы бірінші кезектегі реформаларды, яғни бірінші қабылдануы керек шараларды анықтап берді.
Соған сәйкес Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі үшжылдық жұмыс жоспарын белгілеген. 2021 жыл – қабылдануы тиіс бірінші орындағы шаралар, екінші кезең – белгілі бір мемлекеттік институттарды өзгерте отырып осы шараларды бекіту және үшінші кезең – реформалар, мемлекет пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын институционалдық және заңнамалық тұрғыдан бекіту.
"Президент басымдық берілетін бағыттарды атап өтті. Жыл қорытындысы бойынша бізде оң өсім болмайтынын білесіздер. Бірақ 2021 жылы біз қалыпты өсу қарқынына қайта оралуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, әрине, ең үлкен мәселе – Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғау, сот реформасы, құқық қорғау жүйесінің реформасы. Бұл туралы айтылып, алғашқы маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Құқық қорғау органының реформасы өте маңызды болды. Бас прокуратураның Қазақстан азаматтарының құқын қорғау жөніндегі рөлі айтарлықтай артып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің жаңа концепциясы дайындалып жатыр. Бұл мәселелердің бәрі қаңтар-ақпанда нақтыланып, қабылданады. Жалпы, Мемлекет басшысы ұсынған қарқынға ілесіп отырмыз және сапалы, ойластырылған, пысықталған өзгерістер 2021 жылы жүргізіледі", – дейді агенттік төрағасы.
Қайрат Келімбетовтың айтуынша, макроэкономика тобын Сэр Сума Чакробарти басқарады, ол реформалар бойынша кеңес төрағасының орынбасары, үш топты Премьер-министр басқарып отыр, бір топты президент әкімшілігінің жетекшісі және тағы бір топты Президент әкімшілігі басшысының орынбасары басқарады. Әр топ бірнеше отырыс өткізген. Мұндағы үйлестіруші рөлді Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі атқарады.
"Біз сарапшылардың бәрімен тығыз байланыстамыз, әлемдік трендтер, алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені зерттедік. Заманымыздағы кез келген шешім үлкен деректер (big data) негізінде қабылдануы қажет. Сол себепті статистика саласына үлкен өзгеріс енгізудеміз. Бізге Статистика бюросы арнайы берілгенін білесіздер. Бұл бюро экономикада болып жатқан жайттарға тәуелсіз баға бере алуы қажет. Сондықтан 2021 жылы санақ жүргізілгеннен кейінгі нәтиже біз үшін маңызды. 2021 жыл Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі Жолдауында белгілеген міндеттері мен басымдықтарын нақты іске асыратын жыл болмақ", – дейді ол.
Құралай Құдайберген