Финал бүгін Қазақстан уақытымен 22:50-де басталады, ойынды "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсетпек.
Жартылай финалда "Қайрат" испаниялық "Картахенаны" 3:2 есебімен сүріндірсе, "Пальма" португалиялық "Спортингтен" 3:0 есебімен басым түсті.
Бұған дейін қарсыластар екі мәрте кездескен. Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде 2022 жылы алғашқы ойында 2:2 есебімен тең түссе, 2023 жылы испаниялық команда 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Сол жолы "Пальма" өз тобында 1-орын алса, "Қайрат" 3-орынға тұрақтады. Екеуі де жарыстың келесі сатысына шықты.
Алматылық команда бұған дейін бұл турнирде 20 мәрте бақ сынап үлгерді. Бұл жөнінен Еуропа құрлығындағы клубтар арасында абсолютті рекорд тіркеді.
"Қайрат" 2012/13, 2014/15 жылғы маусымда Чемпиондар лигасының жеңіс тұғырына көтерілген еді. Ал "Пальма" аталған турнирде 2022/23, 2023/24 жылдары жеңімпаз болды.