Қақпашы алда өтетін маңызды ойындарға қатыса алмайды. Бұл туралы комментатор Бегасыл Сейітхан хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Темірлан Анарбеков "Ақтөбеге" қарсы матчта (1:0) қарсылас команданың ойыншысы Уче Агбо ойын барысында шынтағымен қақпашының жақ сүйегіне кіріп кеткен.
Матч басталар алдында өткен айдың үздік ойыншысы атанған қақпашы Темірлан Анарбеков арнайы марапатқа ие болды. Марапат жанкүйерлердің қошеметімен беріліп, ойын алдындағы атмосфераны қыздырды. Ойынға алғаш рет Қырғызстаннан төреші Нұрзатбек Әдбіқадыров қазылық етті.
Алайда қуаныш ұзаққа созылмады: ойын басталмай жатып Анарбеков жарақат алып, оның орнына Шерхан Қалмырза шықты. Алдын ала мәлімет бойынша қақпашының жағы сынған. Спортшының ақыл тісі де зақымданып, мойын тұсы жарақаттанған.
Анарбеков алдағы уақытта "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы басты кездесулерін – португалиялық "Спортингке" (18 қыркүйек, Лиссабон) және мадридтік "Реалға" қарсы матчтарын өткізіп алады. Ем-домды толықтай алуға 2 ай уақыт керек.
Айта кетейік, командадағы бірінші қақпашы Александр Заруцкий де жарақат алған болатын. Осыған байланысты енді "Қайраттың" қақпасын небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қорғайды.
Жас қақпашы кеше "Ақтөбеге" қарсы ойында алғаш рет алаңға шықты.