"Қайрат" көш бастады

2230

Қазақстан Премьер Лигасының ойындары қайта жалғасты. 1-шілде күні алматылық "Қайрат" футбол клубы өз алаңында Талдықорғанның "Жетісу" командасынан басым түсті.

"Қайрат" көш бастады

Үшінші тур ойындары 1-шілде күні өтті. Алматының Орталық стадионында "Қайрат" пен "Жетісу" арасындағы кездесу алаң қожайындарының пайдасына, 3:0 есебімен аяқталды.

"Қайрат" футболшысы, Черногория ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Нейбоша Косович бүгінгі ойынның қаһарманына айналды. Ол екі мәрте нәтижелі пас шығарды. Нейбоша кездесудің 11-минутында биыл қыста "Жетісудан" "Қайрат" сапына ауысқан Камо Оганесянға, ал 56-минутта Конрад Вжещиньскийге гол соғуға көмектесті. Ойынның 92-минутында шабуылшы Артур Шушеначев үшінші гол соғып, кездесуге нүкте қойды.

Естеріңізге сала кетсек, "Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский ойыннан шеттетілгендіктен, кездесу барысында белорусиялық маманды оның көмекшісі Кирилл Кекер алмастырды.  

Маусым басталғалы "Қайрат" "Тараз", "Оқжетпес" командаларын жеңіп, тек қарағандылық "Шахтерге" ғана есе жіберген. Ал "Жетісу" "Каспийді" ұтып, "Тобылмен" тең нәтиже көрсеткен. 9 ұпай жинаған "Қайрат" "Астананы" артқа тастап, Қазақстан премьер Лигасының турнирлік кестесінің көшін бастады.
Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу