banner

"Қайрат" маусымдағы соңғы ойында "Омониямен" тең түсті

1727

Қос команда екі матч өткізіп, бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады.

"Қайрат" маусымдағы соңғы ойында "Омониямен" тең түсті

"Қайрат" Конференция лигасының топтық кезеңінің соңғы турында "Омониямен" кездесті. Кипрде өткен матч 0:0 есебімен аяқталды. Матчтың 45-минутында алматылық клубтың шабуылшысы Жоао Пауло пенальти орындауға мүмкіндік алды. Бірақ бразилиялық шабуылшының тепкен добын "Омония" қақпашысы қайтара білді. Кездесу аяқталғаннан кейін "Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев ойынға қатысты пікір білдірді. Ол өз командасының жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті.

"Кеше айтқанымдай, ойын оңай болған жоқ. Жеңіске біртабан жақын болдық деп ойлаймын. Бұл матч үшін жігіттерге алғыс айтамын", – деді Бердыев.

Сонымен қатар "Омонияның" бас бапкері Хеннинг Берг ойыннан алған өз әсерімен бөлісті.

"Матч бірқалыпты өтті. Бірінші таймда жақсы ойнадық. Жылдамдық та, доппен қозғалыс та ойдағыдай болды. Екінші таймда ойыншыларда біз қалағандай қарқын болмады. Қорытындылай келе, жақсы ойнадық деп ойлаймын", – деді Берг.

Ал Швейцарияда алматылық "Қайрат" қатысқан Конференциялар лигасының Н тобының жеңімпазы анықталды. Жергілікті "Базель" "Карабахты" 3:0 есебімен жеңді. Осылайша, алты кездесуде 14 ұпай жинап, топта бірінші орынға шықты. Әзербайжандық клуб өз кезегінде 11 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Құрбан Бердыев шәкірттері екі ұпаймен соңғы орынға ие болды. Ал кипрлік клуб 4 ұпаймен бір саты жоғары тұр. Бұл топтан "Базель" мен "Карабах" плей-офф кезеңіне өтті.

Sports.kz-тің хабарлауынша "Омониямен" тең түскен ойын "Қайратқа" 195 000 доллар табыс әкелді. Қазақстандық клуб Алматыда Омонияға қарсы бірінші ойында УЕФА-дан осындай соманы алды. Ол уақытта да кездесу 0:0 есебімен аяқталды.  Конференциялар Лигасында өнер көрсеткені үшін "Қайрат" 390 мың доллар табыс тапты. Осылайша, "Қайраттың" УЕФА еурокубоктарының биылғы маусымындағы жалпы табысы 3,85 миллион долларды құрады (клуб Конференция лигасының топтық кезеңіне өткені үшін 3,46 миллион доллар алған).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу