"Қайрат" - "Ноа". Бапкерлер не айтты?

1846

Бүгін, 27-тамыз Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Қайрат" Алматының Орталық стадионында Арменияның "Ноа" клубын қабылдайды. Армениялық футбол командасының бас бапкері Владимир Жапалэу мен алматылық  "Қайраттың" бас бапкері Алексей Шпилевский алдағы матч туралы пікір білдірді.

"Қайрат" - "Ноа". Бапкерлер не айтты?

"Қайрат" футбол клубының бас бапкері ойын алдында қашықтан өткен пресс-конференция алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Еуропа Лигасына іріктеудің алғашқы ойынында  еревандық клубқа қарсы өтетін кездесу туралы өз пікірімен бөлісті.  

- Барлығы матчты асыға күтуде. Ойыншыларға бұл кездесудің өте маңызды екенін айттық. Себебі біз мұны бір жыл бойы күттік. Былтыр Еурокубоктан шығып қалғаннан кейін көңіліміз түскені рас. Сол уақытта жаңа маусымға тыңғылықты дайындаламыз деп мақсат қойдық. Жігіттердің бабы жақсы. Ойынды күтеміз. Өзімізді жақсы қырымыздан танытып, жетістікке жетуге тырысамыз.

- Алексей Николайұлы, чемпионат қайта жалғасқаннан кейін команда жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ойыншылар өзінің бабына келді деп ойлайсыз ба? Егер олай болмаса бұл олардың еурокубоктағы ойындарына әсер ете ме?
- Ойыншылар 100 пайыз бабында деп айту қиын. Қаңтар айынан бастап жұмыс жасап келеміз және наурыз айында дайындығымыз жақсы болды. Өкінішке орай ұзақ уақытқа үзіліске кеттік. Дегенмен, біз өз жоспарымызды жоққа шығарған жоқпыз. Маусымның екінші жартысына тыңғылықты дайындалдық. Жолдастық кездесулер өткіздік. Команда ойыншыларына көңілім толады. Жігіттердің бабы жақсы дегеніңізбен келісемін.

- Әзірге Вагнер Лав "Қайрат" сапында 40 минут ойнады. Оның "Ноаға" қарсы өтетін ойынға дайындығына баға берсеңіз?
- Вагнер өзін кәсіби тұрғыдан жақсы көрсетуде. Қосымша дайындық жұмыстарын жүргізеді. Біз оны ойынға біртіндеп қосқымыз келеді. Әрине, стратегиялық жоспар бар. Ол алаңға 2-таймда шығып жүр. Ал, "Ноаға" қарсы кездесуде Вагнер Лав алаңға 1-таймда шығады деп айта алмаймын. Дегенмен, бабы күннен күнге жақсаруда. Бізге қуаныш сыйлайтынына сенімдімін.
- Жартылай қорғаушы Денис Поляковпен жасалған келісім-шарт туралы айтып беріңізші. Неге оның кандитарусына тоқталдыңыз?

- Біздің жолымыз болды деуге болады. Сондай-ақ ол легионер болып саналмайды. Командаға орталық позицияда мықты ойыншы керек болды. Клубтың скаутинг бөлімі нарықты ұзақ зерттеді. Спорттық тұрғыдан ол біздің талаптарымызға толықтай сай келеді. Бізге көмегі тиеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда командада орталық қорғаушы позициясында өте мықты ойнайтын екі футболшымыз бар. Болашағынан зор үміт күттіретін жастар да аз емес. Денис Еурокубок ойындарында БАТЭ командасында, Чемпиондар Лигасында ұлттық құрама сапында ойнаған. Ол біздің командамыздың қорғанысын күшейтеді.

Ал "Ноа" бапкері "Қайраттың" мықты тұстарын тізбектеп айтып шықты және "Қайраттың" кез-келген ойыншысынан сақ болу керек екенін атап өтті.

- Тарихы бай команданың стадионына келгеніме қуаныштымын. Бұл бәріміз үшін маңызды матч болады деп ойлаймын.

- "Қайраттың" чемпионаттағы соңғы матчтарын көрдіңіз бе? Қарсыласыңыздың мықты тұстарын айта кетіңізші.

- Әрине, талдау жасадық. Мықты жақтары - қарсыластың жылдам шабуылдары. Команда допты тез қабылдап, қарсыласқа сауатты қысым жасайды. "Қайратты" жақсы талдадық.

- "Қайрат" ойыншыларының қайсысын атап көрсете аласыз? Матчта қай ойыншыдан сескенесіз?

- Қақпашы мен капитандарыңызды атай кетейін, содан кейін шабуылда Лав өте қауіпті болуы мүмкін. Дегенмен, ол негізгі құрам ойыншысы емес сияқты. Мүмкін ол Еуропа лигасында ойнайтын шығар. Менің ойымша, "Қайраттың" кез келген ойыншысынан сақ болу керек. Біз дайынбыз және қарсылық танытамыз.

- Осы жылдан бастап ЕАЭО елдерінің ойыншылары енді легионер болып саналмайды. Сіздің ойыңызша, бұл өзара тиімді келісім деп ойлайсыз ба? Армения чемпионатында қазақстандық ойыншылар пайда бола ма, қалай ойлайсыз?

- Арандатарлық сұрақ екен. Менің ойымша, деңгей сөзсіз жоғарылады. Егер ЕАЭО ойыншылары легионер саналмаса, бәсекелестік артады. Қазақстандық ойыншылар Армения чемпионатында ғана емес, басқа біріншіліктерде де ойнауы мүмкін.

- Алдағы ойында клубыңызға не қиын болмақ?

- Қиын ойын болары анық. Мұның бәрі біздің көзқарасымызға, әр сәтте қалай шоғырлануға байланысты. Матчта біртұтас қимылдап, бәрін өзіміз ойластырғандай жасау өте маңызды.

- "Қайратты" қалай қапы қалдыруға болады?

- Арық айтып, семіз шыққан жөн болар (күледі). Матчты күтейік.

"Қайрат" - "Ноа" матчы 27 тамыз күні Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады. Матчты "Qazsport" телеарнасынан тамашалауға болады.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу