Қайрат Нұрдәулетов: "Тобымыздан тартысты ойындар күтеміз"

1468

Еуро-2025 финалдық кезеңі Словакияда өтеді. 

Қайрат Нұрдәулетов: "Тобымыздан тартысты ойындар күтеміз" Фото: kff.kz

Швейцарияның Ньон қаласында жастар арасында 2025 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Қазақстан жастар құрамасы Испания, Бельгия, Шотландия, Венгрия және Мальта командаларымен В тобына бірге түсті. Іріктеу ойындары 2023 жылдың наурызынан басталып, 2024 жылдың қарашасына дейін жалғасады. Топ жеңімпаздары мен екінші орын иегерлерінің арасынан үздік үш команда (алтыншы орын алған командалардың нәтижелері саналмайды) финалдық кезеңге бірден шығады. Екінші орын алған қалған алты команда 2024 жылдың қарашасында өтпелі ойындар арқылы соңғы үш жолдаманы сарапқа салады. 

Осы орайда Қазақстан U-21 құрамасының аға бапкері Қайрат Нұрдәулетов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында 2025 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесінің қорытындысы бойынша өз пікірімен бөлісті.

- Біздің топқа жақсы қарсыластар жиналды деп ойлаймын. Испания, Бельгия және Шотландия құрамалармен соңғы жылдарда кездестік. Сол себепті өткен ойындардың бізге бір көмегі болады деп санаймын. Венгрия мықты қарсыластардың бірі. Соңғы нәтижелерінің жақсы екенін аңғаруға болады. Деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатқан ұжымдардың арасында Мальта құрамасы бар. Тобымыздан тартысты ойындар күтеміз. Жас футболшыларымызға мол тәжірибе болады. Жақсы ойын көрсетеміз деп сенемін.

- Өткен іріктеу кезеңіндегі қарсыластар Бельгия мен Шотландия біздің топқа қайта түсті. Сол сәтте қандай ой келді?

- Біздің топтың ойындары жеңіл болады деп ойлаған жоқпын. Алайда қарсыластардың мықты жақтарымен қатар, осал тұстарын да білеміз. Екі құраманың да бапкері ауысқан жоқ. Сондықтан олардың ойын үлгісі және тактикасымен жақсы таныспыз деп айта аламын.

- Іріктеу кезеңіне дайындық қалай жүргізіледі?

- 10-18 ақпан аралығында Түркияға барамыз. Сол жақта оқу-жаттығу жиынына қатысып жатқан футболшылардың жағдайымен танысып, сараптамалық жұмыстар жүргіземіз. Біздің ең басты мақсатымыз – ұлттық құрамаға ойыншылар тәрбиелеу. Осы іріктеуде де Астанов, Самородов, Жұмабек сияқты футболшыларды дайындап шығарғымыз келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу