Алматылық "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының 19-турының орталық матчында шымкенттік "Ордабасыны" жеңіп, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Есеп 14-минутта ашылды. Марк Гуаль "Қайраттың" шабуылын баспен дәл аяқтап, командасын алға шығарды. Екінші таймда қонақтар таразы басын теңестіруге ұмтылғанымен, 87-минутта Ойва Юккола алматылықтардың басымдығын еселей түсті. Қосымша уақытта Берн Йонсен есеп айырмасын қысқартты.
Осы жеңістен кейін "Қайрат" 44 ұпаймен Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Ал 42 ұпайы бар "Ордабасы" екінші орында тұр. Шымкенттік клубтың қорында әлі бір ойын бар.
Гол авторлары: Марк Гуаль, 14 (1:0), Ойва Юккола, 87 (2:0), Берн Йонсен, 90+2 (2:1).