"Қайрат" өз алаңында "Слованды" қабылдайды

273

Кездесу бүгін, 6 тамыз 20:00-де басталады. 

"Қайрат" өз алаңында "Слованды" қабылдайды

Бүгін Алматының "Қайрат" клубы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Братиславаның "Слован" командасын қабылдайды. 

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде "Қайрат" екі раундтан сүрінбей өтті. Қарсыластары – Любляна қаласынан келген "Олимпия" және Финляндияның КуПС клубы болды. Бұл кездесулерде алматылықтардың өз алаңының маңыздылығы айқын көрінді. Словениялықтармен сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнап, Алматыда 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Финляндия өкілімен сырт алаңда 0:2 есебімен жеңіліп қалса да, өз алаңында 3:0 есебімен басым түсіп, алғаш рет клуб тарихында Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Оған қоса ел біріншілігінде Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері 19 турдан кейін турнирлік кестеде көш бастап тұр.

Дегенмен алматылық команданың бас бапкері бұл кезеңде осал қарсыластың болмайтынын атап өтті. 

"Олимпияға", "КуПС"-қа және Қазақстан чемпионаты аясындағы кез келген матчқа пысықталғандай әдеттегідей дайындалып жатырмыз. Дегенмен Чемпиондар лигасы — бұл мүлде басқа жауапкершілік. Барынша жинақы болып, назарды тек ойынға бұру қажет. Бір топ ойыншыны толық қалпына келтірдік, екінші топтың бабын сақтап қалдық. Соңғы екі жаттығуды толық құрамда өткіздік. Жігіттер қалпына келді, өздерін жақсы сезінеді. Ертеңгі ойында өздерін көрсетуге асық.

Қарсылас туралы айтсақ, "Слован" — тәжірибелі, тәртіпті әрі теңгерімді команда. Бапкері Владимир Вайссты бәріміз жақсы білеміз. Оның тәжірибесі мол. Команда былтыр УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетті. Құрамы өткен жылмен салыстырғанда көп өзгермеген. Жекелей шеберлігі жоғары ойыншылар бар. Олар кей сәттерді өз күшімен шешіп кете алады. Бұл кезеңде де, жалпы турнирде де осал қарсылас болмайтыны анық. Матчты асыға күтіп отырмыз, – деді Рафаэль Уразбахтин. 

Ал "Слован" Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңін бірден екінші раундтан бастап, "Зриньски Мостармен" кездесуде айтарлықтай қиындық көрген жоқ. Братиславалықтар өз алаңында 4:0 есебімен сенімді жеңіске жетіп, сырт алаңда 2:2 есебімен тең түсті. Словакия чемпионатының алғашқы екі турында команда төрт ұпай жинап, екінші орынды иеленіп тұр.

Соңғы матчтарды саралай келе қос команданың ойын деңгейі бірдей екенін байқауға болады. Дегенмен матч тағдыры бүгін Алматының орталық стадионында шешіледі. 

Қарымта матч 12 тамыз күні Словакияда өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу