Кездесудің 26-минутында Игорь Сергеев есеп ашып еді, бірінші таймның соңында Айбар Жақсылықов мергендік танытты. Бірақ 53-минутта алматылық клуб Артур Шушеначевтің голымен жауап қатты. Ал 76-минутта Сергеев дубль авторы атанды. 90-минутта Гүлжігіт Алықұлов пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартты.
"Тобылдың" бас бапкері Милан Миланович ҚПЛ-ның 18-туры аясындағы ойында "Қайратты" жеңгеннен кейін жалпы матчқа қатысты пікір білдірді.
"Бірінші таймда "Қайраттың" жас ойыншыларында қорқыныш болды. Біз тактикалық тұрғыдан өте жақсы ойнадық, екі гол соқтық. Екінші таймда олар жылдам гол соқты, содан кейін бізде қиындықтар пайда болды. Бірақ біздің сапамыз бен қарсы шабуылдарымыз жақсы деңгейде болды. Чемпиондық үшін жарыс жалғасуда. Ең бастысы біздің нәтижеміз. Қалған матчтардың бәрінде жеңіске жететін болсақ, чемпиондық атақты жеңуге мүмкіндігіміз зор. Неліктен Тошич болмады? Медициналық себептерге байланысты. Қалай айтсам екен сізге... Ауырып қалды. Қостанайда уланып қалды", – деді сербиялық маман.
Алматыдағы жеңістен кейін "Тобыл" ҚПЛ-2022 турнирінде 32 ұпаймен екінші орында келеді. Келесі турда қостанайлықтар "Атыраумен" ойнайды.
Біріншілік көшбасшысы "Ақтөбе" "Қызылжармен" кездесті. Ақтөбедегі "Қобыланды батыр" стадионында өткен ойын 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды алаңға қосалқы құрамнан шыққан Жерар Гоу 89-минутта соқты.
"Астана" да 18-тур аясында "Ақжайықпен" күш сынасты. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 4:0 есебімен аяқталды. Ойынның 32-минутында Денис Поляков алаң иелерін алға шығарды. 84-минутта есепті еселеген Педро Эуженио екі минуттан кейін дубль рәсімдеді. Ал қосымша уақытта Марин Томасов кездесудің нүктесін қойды.
Ермұхамед Мәулен