"Қайрат" пен "Атырау" тең түсті

881

Алматылық клубтың бас бапкері тең нәтижеге көңілі толмайтынын айтты.

 "Қайрат" пен "Атырау" тең түсті

"Қайрат" пен "Атырау" Қазақстан кубогының 1/4 финалындағы алғашқы ойынын өткізді. Алматыда өткен кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. "Қайрат" 12-минутта Вячеслав Швыревтың күшімен есеп ашты. Алматылық шабуылшы өз голын ҚПЛ-2023 аясында "Ақтөбеге" қарсы ойында жарақат алған Арсен Буранчиевке арнады. 79-минутта Артур Шушеначевтің автоголынан кейін есеп теңесті. 

Осы орайда "Қайраттың" бас бапкері Кирилл Кекер Қазақстан Кубогының 1/4 финалындағы "Атырауға" қарсы өткен бірінші ойынға (1:1) қатысты пікір білдірді.

– Өкінішке қарай басымдыққа қол жеткізе алмадық. Сол басымдықтың арқасында Атырауға жайбарақат ұша беретін едік. Қарымта ойын бар. Сол жақта міндетті түрде жеңімпаз анықталады. Ойынға келетін болсақ, бізге эмоция мен ширақтық жетіспеді деп ойлаймын. Жексенбіде біз тым көп эмоция шығарып қойдық. Менің ойымша, ол да ойынның нәтижесіне әсер етті.

– "Астанаға" қарсы ойыннан бастап, бүгінге дейін үш орталық қорғаушысы бар тактикалық схема бойынша ойнап келе жатырсыз. Чемпионаттың соңына дейін осылай ойнай бересіз бе, әлде қарсыласыңызға байланысты ойнайсыз ба?

– Біз қандай да бір нақты схема бойынша ойнамаймыз. Мен жұмыс істеп жүргеннен бастап біз төрт түрлі схема бойынша ойнадық. Қазіргі уақытта біз осы схеманы қолданып жүрміз. Өйткені менің ойымша, біздің ойыншылар осы схемада өздерінің күшті жақтарын ашып, жақсы нәтижеге жетіп жүр. Әрі қарай қалай болатынын мен айта алмаймын. Ең алдымен, өз ойыншыларымызға байланысты ойнаймыз.

– Арсен Буранчиев өзін қалай сезінеді?

– Бүгін біздің клубтың бірлігін көрдіңіздер. Бәріміз оның суреті бар футболка киіп шықтық. Арсеннің жағдайын сұрап, алаңдап, қолдап отырған футбол қауымына көп рақмет айтқым келеді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақтанды. Оны палатаға ауыстырды. Өзін әлдеқайда жақсы сезінеді. Командаластарымен де сөйлесе бастады. Қалпына келтіру процесі біраз уақытты алатыны анық, бірақ біз оны командада да, футбол алаңында да күтеміз.

Айта кетейік, "Қайрат" пен "Атырау" арасындағы қарымта кездесу Атырауда 7 маусымда өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу