Миланда өткен "Интер" мен "Қайрат" арасындағы матч кезінде екі команданың жанкүйерлері төбелесіп қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Екі команданың жанкүйерлері арасындағы төбелес видеоға түсіп қалды. Куәгерлердің сөзінше, футболсүйер қауым бір-бірімен сөзге келіп қалған. Көп ұзамай соңы төбелеске ұласқан.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жанжал екінші таймда болған.
Айта кету керек, бұған дейін "Қайрат" клубы "Интерге" 1:2 есебімен жеңілгенін жазғанбыз. 44-минутта Лаутаро Мартинес есеп ашып, "Интерді" алға шығарды. 56-минутта "Қайрат" ойыншысы Офри Арад бұрыштамадан көтерілген допты баспен дәл бағыттап, таразы басын теңестірді.
67-минутта Карлос Аугустоның алыстан бағыттаған соққысы Темірлан Анарбеков қорғаған қақпадан табылып, жеңіс "Интерге" бұйырды.