"Қайрат" пен "Қызыл-Жар" тең түсті

1566

Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры аясында төрт матч өтті.

"Қайрат" пен "Қызыл-Жар" тең түсті

"Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры қарсаңында алматылық "Қайратты" қабылдады. Кездесу Петропавлдағы "Қарасай" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Ойындағы алғашқы голды "Қайраттың" белоруссиялық қорғаушысы Денис Поляков 28-минутта соқты. 75-минутта Камо Оганесян қақпашымен жеке-дара шығып гол соға алмады. "Сен соқпасаң, саған соғамын" деген қағиданы ұстанған Андрей Карпович шәкірттері үш минуттан соң есепті теңестірді. Бұрыштамадан асырылған пасты Әлібек Қасым қақпаға дәл бағыттап, қатарынан төртінші матчта гол соқты. Бір ұпайды қанағат еткен петропавлдық ұжым 14 ұпаймен бесінші орынын сақтап қалды. 16 ұпайы бар "Қайрат" бір саты жоғары тұр.

Сондай-ақ "Ақжайық" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы турында "Жетісу" клубын қабылдады. Матч Оралдағы "Ақжайық" стадионында өтіп, 3:2 есебімен аяқталды. Алаң иелері 23-минутта Микола Ковталюктің голының арқасында алға шықты. Ал 41-минутта Александр Кислыцин жауапты голды соқты. Екінші тайм басталған соң Ковталюк тағы да өз командасын алға шығарды. "Жетісудың" бұл голға да жауабы дайын екен. 72-минутта Адам Адахаджиев таразы басын теңестірді. Ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда Ковталюк хет-трик жасап, "Ақжайыққа" үш ұпай сыйлады.

Бұл жеңістен кейін Владимир Мазяр шәкірттері 12 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. Еншісінде небәрі бір ғана ұпайы бар талдықорғандық клуб ең соңғы орында тұр.

Ал "Ордабасы" тоғызыншы туры аясында "Тұранмен" кездесті. Матч Шымкенттегі "БИІК" стадионында өтіп, 0:1 есебімен түркістандық клубтың пайдасына аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 30-минутта "Тұран" шабуылшысы Темірлан Әміров соқты. Ал 73-минутта алаңға алаңға шыққан Бағдат Қайыров үш минуттан кейін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Қоржынына алтыншы ұпайды салған түркістандық ұжым он екінші орында қала берді. 13 ұпайы бар "Ордабасы" алтыншы орынға жайғасты.

Қарағандылық "Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы турында қызылордалық "Қайсармен" кездесті. "Астана Аренада" өткен матч 1:1 есебімен аяқталды. Бір қызығы, ойындағы қос голды да алаң иелері соқты. 7-минутта қарағандылық клубтың шабуылшысы Виталий Балашов алғашқы голды соғып, командасын алға шығарды. Ал 81-минутта дәл осы "Шахтердің" футболшысы Евгений Павлов өз қақпасын дәл көздеп, командасын екі ұпайдан айырды.

Жетінші ұпайына ие болған Магомед Адиев шәкірттері турнирлік кестеде он бірінші орынға көтерілді. Алты ұпайы бар қызылордалық ұжым бір саты төменде тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу