"Қайрат" пен "Семей" футзалдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалынан сүрінбей өтіп, турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Алматылық "Қайрат" бұл кезеңде Бельгияның "Спортинг-Андерлехт" клубын сенімді түрде ұтты. Екі кездесудің қорытынды есебі – 12:6. Брюссельде өткен алғашқы ойында "Қайрат" 7:3 есебімен басымдық танытса, Алматыдағы жауапты матчта тағы да 5:3 есебімен жеңіске жетті.
Еліміздің вице-чемпионы "Семей" плей-оффтың алғашқы кезеңінде Польшаның "Пяст" командасымен сынға түсті.
Алғашқы матч Семейде 3:3 есебімен тең аяқталды. Алайда Гливицеде өткен кездесуде қазақстaндық команда мықтылығын көрсетіп, 5:3 есебімен айқын жеңіске жетті.
Ширек финалда "Қайрат" Испанияның "Картахена" командасымен кездеседі. Бұл жанкүйерлерге жақсы таныс қарсылас. Өйткені өткен маусымның жартылай финалында алматылықтар дәл осы клубты 3:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған еді.
Ал "Семей" Францияның "Этуаль" клубымен өзара мықтыны анықтайды. Маусым басында Асқар Смаковтың шәкірттері бұл командаға 3:4 есебімен есе жіберген болатын. Енді қазақстандық клубтың қарымта қайтаруға жақсы мүмкіндігі бар.
Футзалдан Чемпиондар лигасының ширек финалдық матчтары 23 ақпанда және 6 наурызда өтеді. Ал жартылай финалға шыққан командалар 8 және 10 мамырда Италияның Пезаро қаласында өтетін финалдық кезеңде өнер көрсетеді.