Қазақстан Премьер-лигасының үшінші турында "Қайрат" "Таразбен" тең ойнады. Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.
Айта кетерлігі, матчтағы барлық голдар үзілістен кейін соғылды. "Қайрат" 59-минутта Хосе Кантенің арқасында есепте алға шыққан еді. Бірақ 68-минутта Дінмұхамед Қараман жауапты голды соғып, командасына бір ұпай сыйлады. Дегенмен "Қайрат" футбол клубы тараздықтармен тең ойнағанына қарамастан турнирлік кестеде 7 ұпаймен көш бастады. Сондай-ақ "Тобыл" және "Каспий" командаларында да 7 ұпай бар.
Сонымен қатар "Ордабасы" оралдық "Ақжайықтан" басым түсті. Кездесу Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Ойынның 30-минутында Иван Антипов екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. 53-минутта Луис Энрике Гедеш баспен гол соқты. Араға он минут салып Максим Ваганов есепті еселеді. Матч соңында Ваганов ойын тәртібін бұзғаны үшін қызыл қағаз алды.
"Атырау" үшінші турда "Мақтааралдан" айласын асырды. Кездесу Атырауда өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. "Мұнайшылар" сапында Матеус Бисси (28-минут) мен Тодор Петрович (45) мергендік танытты. Ал жауапты голды Артем Разгонюк 74-минутта соқты. Матч барысында атакенттік клубтың екі ойыншысы, нақтырақ айтсақ, Алекс Бруно мен Артур Западня қызыл қағаз алды.
Ал "Тұран" "Каспийден" ұтылды. Түркістанда өткен кездесу 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 44-минутта Мақсат Тәйкенов пенальтиден соқты.
Елордалық "Астана" "Ақтөбеден" басым түсті. "Астана Аренада" өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды 8-минутта Аслан Дарабаев соқты. Бұл қазақстандық жартылай қорғаушының елордалық клубтағы дебюттік голы ретінде тіркелді.
Ал "Тобыл" үшінші турда "Қызыл-Жарды" ұтты. Кездесу Қостанайдағы "Тобыл Аренада" өтіп, 2:0 есебімен аяқталды. Матчтың 32-минутында Зоран Тошич есеп ашты. 73-минутта Асхат Тағыберген пенальтиді сәтті орындап, ойынның нүктесін қойды.
Ермұхамед Мәулен