Қайрат Сәтжанов: Біз патриотизмнің арқасында жеңіске жеттік

1593

Польшада өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысқан боксшылар елімізге оралды. Ерлер мен әйелдер командалары екі алтын (Санжар Ташкенбай және Сабыржан Аққалықов), төрт күміс және төрт қола жүлдеге ие болды.

Қайрат Сәтжанов: Біз патриотизмнің арқасында жеңіске жеттік

Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайға таңертеңгі уақытқа қарамастан, жеңімпаздар мен жаттықтырушыларға қолдау көрсету үшін біраз адамдар - ата-аналар, достары, мұғалімдері, сыныптастары, боксшыларымыздың жеңіске жететініне сенім білдірген барлық жанкүйерлер жиналды. Санжар Ташкенбайды күтіп алу үшін елордадағы №4 мектеп-гимназиясынан қолдаушылар да көп келді. Ал Сабыржан Аққалықовты жеңісімен құттықтау үшін туған қаласы Шахтинскіден, Қарағандыдан және Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резерв мектебінен сыныптастары келді.

Сонымен қатар жастар құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Әлем чемпионатын қорытындылады.

"Жартылай финалға 8 адам шығады деп жоспарладық. Бірақ жарыстың алғашқы екі-үш күнінде біз көшбасшылардан айрылдық. Менің ойымша Аманат Сабырғали мен команда капитаны, Азия чемпионы Ерасыл Жапеков өз салмағы бойынша ең мықты боксшылар еді.  Дегенмен, қалғандары үмітімізді ақтады, жақсы өнер көрсетті.

Олар жас және жігерлі. Мысалы, чемпион Санжар Ташкенбай - оны тіпті ұстау керек. Ол ММА-мен айналысқан және чемпион атағына ие. Жекпе-жектердің бірінде, қызуқандылықпен ол қарсыласын жамбастан лақтырды. Сол сәтте украиналық төрешінің көңіл-күйі жақсы болғандықтан, оған ескерту жасаған жоқ.

Екінші чемпионымыз Сабыржан Аққалықов бес жекпе-жек өткізді. Соның ішінде кубалық, үндістандық және Азия чемпионатының жүлдегері Анкит Нарвалмен кездесіп, финалда украиналық боксшыны жеңді.

Менің ойымша, біз патриотизмнің арқасында жеңіске  жеттік. Мен күн сайын балалардан Отан деген не деп сұраймын. Олар анам, әкем, әжем, атам, көршілерім, сыныптастарым, бүкіл Қазақстан деп жауап береді. Олардың көз алдарына сол адамдар келеді және жеңілуге құқығы жоқ екенін, барын салулары керек екенін түсінеді", - деді Қайрат Сәтжанов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу