Бірінші тайм барысында алматылықтар гол соққан еді. Алайда капитан Александр Мартыновичтің соққысынан кейінгі гол офсайдқа байланысты есепке алынбады.
Айта кетейік, алғашқы тайм қорытындысы бойынша екі команда да қақпаға тура соққы жасай алмады. Дегенмен, “Қайрат” қақпаға қарай бес соққы бағыттаса, “Селтик” тек екі соққы ғана бағыттады.
Екінші таймда шотландиялықтар белсендірек ойнап, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ нәтиже болмады.
Оған қоса ойынның екінші бөлігі алматылық қақпашылардың жарақаттарымен есте қалды. Алдымен, 75-минутта Александр Заруцкий ойынды жалғастыра алмай, оның орнына Темірлан Анарбеков шықты.
Тайм соңына қарай Анарбековтың өзі оңтүстіккореялық Ян Хен Чжунмен қақтығысып, бас жарақатын алды.
Ойынның негізгі уақытына төреші он минут қосты. Сол аралықта алматылық шабуылшы Дастан Сәтпаев ескерту алып, бұл оның еурокубоктағы үшінші сары қағазы болды. Осылайша ол шотландиялықтармен болатын қарымта матчқа қатыса алмайтын болды.
Жауапты матч Алматыда 26 тамыз күні өтеді. Егер бұл қарсыласты алматылықтар еңсерсе, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнайды.
Жеңілген жағдайда “Қайрат” өз еуромаусымын Еуропа лигасының негізгі кезеңінде жалғастырады.