banner

"Қайрат" сырт алаңда "Карабахқа" жеңілді

1079

Алматылық клуб 79-минутқа дейін осы маусымдағы ең керемет ойынын өткізді

"Қайрат" сырт алаңда "Карабахқа" жеңілді

Алматылық "Қайрат" Конференция лигасының үшінші турында "Карабахпен" кездесті. Бакудегі Тофик Бахрамов атындағы Олимпиадалық стадионда өткен матч 2:1 есебімен әзірбайжандық клубтың пайдасына аяқталды. Ойынның 19-минутында "Қайрат" шабуылшысы Хосе Канте пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды. Бірақ 70-минутта алаңға шыққан Рамиль Шейдаев тоғыз минуттан кейін таразы басын теңестіріп кетті. Ал 91-минутта Аббас Гусейнов жеңісті голдың авторы атанды.

"Карабах" бұл жеңістен кейін 7 ұпаймен Н тобында көш бастады. Құрбан Бердыев шәкірттері бір ұпаймен үшінші орында қала берді. Бұл алматылық клуб үшін конференция лигасындағы қатарынан екінші жеңіліс болды. Бұған дейін "Қайрат" алдымен "Омониямен" тең ойнады (0:0), кейін "Базельден" ұтылды (2:4).

Матчтан кейін "Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев ойынға қатысты пікір білдірді.

"Біз екі түрлі кезеңнің куәсі болдық. Бірінші таймның нәтижесін сақтап қалғымыз келді. Бірақ "Карабах" өз ойынын көрсетіп, матч барысын мүлде басқа арнаға өзгертті. Футбол атмосферасы жақсы болды. Жанкүйерлер өз командасын жақсы қолдады. "Карабах" шабуылда мықты болды. Мұнда қателікке жол жоқ. Бірінші таймда жақсы ойнадық. Екіншісінде қарсылас лайықты жеңіске жетті. Көптеген қателіктер жібердік. Ал қарсылас оны өз пайдасына жаратты", – деді Құрбан Бердыев.

Сондай-ақ әзербайжандық "Карабах" футбол клубының бас бапкері Гурбан Гурбанов та ойынға баға берді.

"Өте жақсы командаға қарсы ойнадық. Олар бізге стандартта қиындықтар туғызды және физикалық жағынан мықты болды. Бірінші таймда олар қысым жасап, жылдам шабуылдар ұйымдастырды. Бірінші тайм оңай болған жоқ. Бірақ екінші таймда біз оларға қиындықтар туғыздық. Жігіттердің жеңілгісі келген жоқ. Бүгін олардың жеңіске деген құштарлығы басым болды. Жанкүйерлер ойыншыларға күш берді. Стадионда мұндай атмосфера көптен бері болмады", – деді Гурбан Гурбанов.

"Қайрат" келесі ойынын жексенбі, 24 қазанда өткізеді. Алматылық клуб Қазақстан Премьер Лигасы аясында өз алаңында "Астананы" қабылдап, чемпиондық үшін күресетін болады. Ал 4 қараша күні Конференция Лигасының төртінші турында "Қайрат" өз алаңында "Карабахты" қабылдаса, "Базель" сырт алаңда "Омониямен" кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу