"Қайрат" сырт алаңда "Маккабимен" тең түсті

1308

Сырт алаңда соғылған голдың ешқандай да маңызға ие болмайтынын айта кетейік.

"Қайрат" сырт алаңда "Маккабимен" тең түсті

"Қайрат" Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде израильдік "Маккаби Хайфамен" тең ойнады. Кездесу Хайфадағы "Сэмми Офер" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды.

Алаң иелері 45-минутта есеп ашты. "Қайрат" командасының екі қорғаушысын алдап өткен Омер Ацили гол соқты. Ал алматылық клуб 76-минутта Нұралы Әліптің голымен жауап берді - Небойша Косович бұрыштамадан пас асырған еді, қазақстандық қорғаушы допты басымен қақпаға дәл бағыттады. Матч соңына дейін "Қайрат" жеңісті жұлып алуы мүмкін еді, бірақ ойыншыларға шабуылдың соңғы кезеңінде сәл сәттілік жетіспеді.

Ойын аяқталған соң алаң қожайындарының бас бапкері Барак Бахар матчқа қатысты пікір білдірді.

"Қарсыласымыз ("Қайрат") бұл матчқа бабында келді және біз мұны білдік. Жалпы ойын тең дәрежеде өтті. Егер біз мұқият ойнасақ, жеңіске жетіп, көбірек гол соғар едік. Олардың физикалық тұрғыдан артықшылығы бар екені анық. Мен олармен екі жыл бұрын кездескен болатынмын. Енді келесі айналымға шығу үшін сол жаққа ұшып барып, жеңіске жетуіміз керек. Ойын тең өткендіктен қайта 0:0 есебінен бастаймыз. Бірақ алғашқы матч бізге бабымызды қалыптастыруға көмектескені өте маңызды. Енді ойынымызды жақсартуымыз керек", - деді Бахар матчтан кейін.

Қарымта кездесу 14 шілдеде Алматыда өтеді.

Айта кетейік, жалпы Еурокубок ойындарында "Қайраттан" басқа тағы үш қазақстандық команда – елордалық "Астана", қостанайлық "Тобыл" және Қарағандының "Шахтеры" қатысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу