Еуропа лигасында өнер көрсететін алматылық "Қайрат" сырт алаңда Боснияның "Широки Бриег" деген командасын жеңіп кетті. Ал негізі матч басталмас бұрын букмекерлік кеңселер фаворит ретінде алаң иелерін санаған болатын. Алайда, ойын мүлде басқаша өрбіді. Қазақстан намысын қорғап шыққан "Қайрат" бірден басымдылықты қолға алып, түрлі шабуылдар ұйымдастырды. Бауыржан Исламхан керемет пастар беріп, әріптестерін алға жетеледі. Ойынның 29-минутында Қазақстан премьер-лигасының үздік сұрмергені Адеринсоло Эссеола есеп ашты. Дегенмен, алаң иелері де қарап қалмай жауап берді. Бірінші тайм осылайша терезесі тең ойынмен аяқталды.
Екінші таймда "Қайрат" жылдам ойын көрсетіп, алаң иелерін әбден әбігерге салды. Стандартты жағдайды ғаламат орындаған капитан Исламхан Елдос Ахметовке дәл пас шығарды. Шабуылға араласқан қорғаушы өз кезегінде қақпа маңына доп асырды. Қорғаушы мен қақпашы түсініспей қалып, доп кенеттен Эссеолаға дәл келді. Мүмкіндікті мүлт жібермейтін форфард екінші голды соғып, "Қайратты" жеңіске бір табан жақындатты. Ал одан кейін "Широки Бриег" ойыншылары бұрыштама көтеріп, бір қауіпті сәт жасады да, одан арыға шамалары келмеді. Бұл матчтағы бұрыштамалар саны 5-4, болса сары қағаздар саны 3-5.
Бір аптадан кейін Алматыда өтетін жауапты ойын алдында енді "Қайрат" фаворит болып тұр. Қазақстан командасы өз алаңында 0-1 есебімен жеңілген күннің өзінде жарыстың келесі айналымына өтеді.
"Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) - "Қайрат" (Қазақстан) - 1:2
Голдар: Иван Енин 34 - Адеринсола Эсеола 29, 58
Ермұхамед МӘУЛЕН